"Аңыз адам" журналының бас редакторына айыппұл салынды
2014 ж. 12 мамыр
3168
0
Гитлер жайлы қарама-қайшы мақалалар шыққан журналдың "тіркеу деректерін көрсетпегені үшін" бас редактор Жарылқап Қалыбайға сот айыппұл салды. Газет редакторы бұл істің саяси себебі барын айтады.
Қазіргі кезде айыппұл сомасы 222 мың 240 теңгені (шамамен 1200 АҚШ доллары) құрайды.Мамырдың 11-і күні Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Алматы қалалық ішкі саясат басқармасының талап арызын қарап, "Жұлдыздар отбасы – Аңыз адам", "Жұлдыздар отбасы" және "Жұлдыз жорамал" журналдарының бас редакторы Жарылқап Қалыбайға 120 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды.
Сот процесінде сөйлеген Алматы қалалық ішкі саясат басқармасы өкілінің айтуынша, аталған үш журнал биыл, 2014 жылы ақпан айындағы нөмірлерін шығарған кезде БАҚ туралы заңның 15-бабының бірінші бөлігіндегі талап орындалмаған, яғни журналды басқан баспахананың мекен-жайы көрсетілмеген.
Нұрыпбаев Алматы қалалық ішкі саясат басқармасы БАҚ мониторингін толық жүргізбей, кейбір басылымдарды ғана іліп алған дейді. Ол мысал ретінде "ақпарат құралын басып шығарған баспахананың мекен-жайы көрсетілмеген" басқа да бірнеше газет-журналды судьяның алдына қойды.
Нұрыпбаев БАҚ туралы заңның 15-бабында 8 тармақ барын, соның сегізінші тармағы "баспахананың атауы, оның мекен-жайы және редакцияның мекен-жайын көрсетпегені" туралы екенін айтты.
"Отбасы" ЖШС сегізінші тармақтың екінші сөйлемі, яғни "баспахананың мекен-жайын" көрсетпегені үшін ғана айыпталып отыр.
Аталған журналдардың бас редакторы Жарылқап Қалыбай ақпан айында жарияланған бұл журналдарда баспахананың мекен-жайы жазылмай қалғанын мойындайды, бірақ ол баспахананың аты мен басқа да деректері журналда берілгенін алға тартты.
Бас редактор Алматы қалалық ішкі саясат басқармасының "Отбасы" ЖШС журналдарын аяқ астынан тексеруінің саяси себебі бар деп санайды.
"Әйтпесе ақпарат құралдарының соңғы бетінде, қалтарыс жерде тұратын баспахананың адресіне осынша шұқшимайтын еді. Ондай техникалық қателіктер басқа да ақпарат құралдарында кетіп жатады. Бірақ ішкі саясат басқармасы оны көрмейді", - дейді Жарылқап Қалыбай.
Редактор биыл сәуір айынан бастап Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен елде шағын және орта кәсіпкерлікті тексеруге мораторий жарияланғанын еске салды. Алматы қалалық ішкі саясат басқармасы мораторийге де қарамады.
"Аңыз адам" журналының Адольф Гитлерге арналған нөмірі туралы шу-шұрқан шыққаннан кейін осындай қуғын басталды. Алматы қаласындағы Панфилов паркінде "Аңыз адам" журналын өртеген кезде сол жерде Алматы қалалық ішкі саясат басқармасының бастығы Ерболат Әуезовтің өзі де жүрді. Мына іс бойынша маған хаттама толтырған да соның өзі, – дейді Жарылқап Қалыбай.
"Отбасы" ЖШС заңгері Мақсат Нұрыпбаев "сот процесінде Жарылқап Қалыбайдың айыбы анықталмағанына қарамастан оған ең жоғарғы айыппұл салынды" дейді. "
Отбасы" ЖШС-нің "Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам" журналының Адольф Гитлер туралы сәуір айындағы саны қарама-қайшы пікір тудырған еді. Журнал редакциясын сынаушылар да, қолдаушылар да көп болды. Қазақстан байланыс және ақпарат агенттігінің "Аңыз адам" журналының соңғы нөміріне қатысты жариялап үлгерген жылдам мәлімдемесі де дауды ұлғайта түскен болатын.
Ресей сыртқы істер министрлігі 21 сәуір күні Қазақстан билігін "Жұлдыздар отбасы - Аңыз адам" журналының Адольф Гитлер туралы материал басқанына байланысты бір шара қылады деген үмітте екенін" мәлімдеген еді.
Сәуірдің 21-інде Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағында ауған соғысы ардагерлері мен өздерін НОД (ұлттық азат ету қозғалысы - ред.) деп атайтын ұйымның ондаған белсендісі "Жұлдыздар отбасы – Аңыз адам" журналына қатысты наразылық акциясын өткізіп, Адольф Гитлер туралы материалдар шыққан журнал санын өртеген болатын.
"Азаттық" радиосы