Назарбаев: Біз Еуразиялық одақты құруға жақындап қалдық
2014 ж. 29 сәуір
2939
36
Қазақстан өзінің интеграциялық жолын жоғары даму деңгейінен бастап отыр.
Бүгін М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде еуразиялық ықпалдастық тақырыбындағы дәрісі барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.
Елбасының айтуынша, былтыр Қазақстан жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде 50-ші орынға қол жеткізді. Ал бизнесті жүргізудің "Doing Business" рейтингінде де Қазақстан 50-ші орында тұрып, ол көрсеткішті одан сайын жақсартып келеді.
2013 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің өсімі 6 пайызға тең болды. Елдің жиынтық резерві 100 млрд долларға теңесіп қалды.
Бұдан бөлек, Елбасы Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасына тоқтала келе, алғашқы бесжылдықта 780 жаңа кәсіпорын салынғанын, 250 жаңа өнім түрлері игерілгенін атап өтті.
Бұған қоса, президент Еуразиялық экономикалық одақ еркіндік пен теңдік ұстанымдары негізінде құрылуы тиіс екенін де сөз етті.
"Мен Еуразиялық одақтың мүмкін екендігінің мығым жақтасы болдым әрі болып қала берем де. Біз қазірдің өзінде оны құруға жақындап қалдық. Ол еркіндік, теңқұқылық, өзара тиімділік, әрбір елдің прагматикалық мүддесін ескеру ұстанымдары негізінде құрылуы тиіс", - деді Назарбаев.
Осы ретте ҚР Президенті Еуразиялық одақ идеясы көтерілген сонау 90-шы жылдары өзінің бұл бастамасы ТМД елдерінің көптеген саясаткерлері үшін түсініксіз болғандығын атап өтті.
Айта кетейік, Н.Ә.Назарбаевтың Еуразиялық экономикалық одақ туралы идеясы 1994 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті мінберінен айтылған болатын.
Міне, араға 20 жыл салып 2014 жылы мамыр айында Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің басшылары Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қояды деп жоспарлануда.
Қазақпарат