Қазақстанда жасалған...
2014 ж. 27 сәуір
2253
1
Оның айтуынша, Қазақстанда фермерлік шаруашылықтардың басым бөлігі, яғни 200 мыңнан астам шаруашылықтың 95 пайызындағы егістік жерлердің көлемі 50 гектардан 1000 гектарға дейін ғана. Міне, соларды химиялық қорғауда тұңғыш рет Қазақстанда шығарылып отырған жеңіл моторлы «Арай» ұшағының орны ерекше. Сонымен қатар, бұл ұшақты басқа да мақсаттарға қолдануға болады.
«Төрт орындық бұл жаңа ұшақты жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға, электр, мұнай, газ желілерінің жай-күйін бақылауға, мемлекеттік шекараларды күзетуге, пайдалы қазба байлықтарын аэрофизикалық тұрғыдан барлауға, жануарлар әлемін, балық ресурстарын бақылауға, браконьерлермен күреске, ормандар мен далалық жерлерді өрттен қорғау шараларына, шет аудандардан науқастарды тасымалдауға және әрине, егіс алқаптарын химиялық қорғау мақсаттарына кең түрде қолдануға болады. Ұшақ штаттық тәртіпте зембілдермен және дәрігерге арналған кресломен қамтамасыз етілген. Егер бұрынғы «АН-2» ұшағын басқаруға ұшқыштар училищесін тәмамдаған ұшқыштар қажет болатын болса, біздің жеңіл моторлы «Арай» ұшағына бір әуесқой-ұшқыш болса жеткілікті. Оған қоса, «АН-2» ұшағы сағатына 300 литр жанармай жақса, «Арай» бары-жоғы 35 литр ғана бензин жұмсайды», - деді өз сөзінде Дәурен Уәлиев.
Тұтас металлдан жасалған жеңіл моторлы «Арай» ұшағын «АвиаМастер Эйркрафт» ЖШС канадалық «ZENAIR LTD» компаниясымен бірлесіп шығарған. Бұл жерде компания басшылығы АҚШ пен Канаданың жеңіл авиация саласындағы тәжірибелерін басшылыққа алған. Аталған елдерде бүгінгі таңда жеңіл моторлы ұшақтардың саны 250 000-нан асады. Ал олардың 85 пайызын шағын және орта бизнес субъектілері шығарады. АҚШ-та шағын авиация кластерінің жылдық айналымы 150 млрд. долларға жетеді. Елімізде әзірге «Арай» ұшағының 4 данасы шығарылған. Сатылу бағасы - 198 мың доллар. Ұшақ қазақстандық жағдайға толық бейімдетілген. Ангарлық сақтауды, арнайы даярланған ұшу-қону алаңын қажет етпейді. «Құрлық-су» деп аталатын штаттық қалтқылары және қарлы аудандарда қонуға мүмкіндік беретін шаңғылары бар. Айта кетейік, ұшақтың салмағы - 546 килограмм. Ұзындығы - 7,5 метр, ал биіктігі - 3 метр. 590 килограммға дейін жүк көтере алады. Тағы бір ерекшелігі - әуеге көтерілуіне 70 метр, ал қонуына 90-100 метрлік жазық жер болса, жеткілікті. Ұшу ұзақтығы 1200 шақырымға дейін. Ұшу биіктігі - 4200 метр.Қазақпарат