ШҚО-да қалталы банкир киелі кесене орнын әкесінің атына өзгертуге кірісті
2014 ж. 25 сәуір
6692
5
Таяуда Тоқтархан Қожағапанов деген қалталы барша түрік халықтарының асыл мұрасы "Қозы-Көрпеш-Баян сұлу" кесенесі тұрған жерді әкесі Жұман Қожағапанов атына өзгертуге бел шеше кірісіп кетіпті.
Бұл жөнінде Аягөзде тұратын Амангелді Керімтаевтың өзі хабарлады, деп жазады ult.kz.
Бұл мәселе жөнінде өткен жылы "Егемен Қазақстан" газеті, Abai kz, ult.kz, maidan.kz, qazaquni.kz, tanym.tv, qamshy.kz сайттары, т.б еліміздегі ақпарат құралдарының басым көпшілігі дабыл көтерген. "Тоқтархан Қожағапанов Қозы-Көрпеш" кесенесі тұрған Қозы мен Баянның махаббатына куә болған қасиетті жер “Тарлаулы" ( тарлау – емдік, дәрілік қасиеті бар шөп атауы) ауылын әкем Жұманның атына берсең де аламын, бермесең де аламын" деп, алған бетінен қайтатын емес", - дейді Аягөз тұрғыны. Өткен жылы бұл айғай-шу әзер дегенде басылған сияқты еді. Арада жыл өтпей тағы да қасиетті мекен атын Жұман Қожағапановтың атына өзгерту бастамасын ШҚО Аягөз аудандық әкімшілігі көтеріп жатқан көрінеді.Қожағапанов Тоқтархан есімді банкир ШҚО-да ерекше құрметке бөленген жан. Алақандай ауылда әкесі–Қожағапанов Жұманның есімімен аталатын Мәдениет Үйі, көше, анасы– Қожағапан келіні Көшжанның атымен аталатын мешіт үйі - соның айқын белгісі.
Мұны да місе тұтпай, Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың мүрделері жатқан, Түркі әлемінің киелі мекені-Тарлаулы ауылын әкім-қаралардың көмегімен оны да әкесінің атына аударып алуға жан сала кірісіп жүр. Әкесі-Жұман кішігірім шаруашылықтар мен МТС директоры, қой фермасынының меңгерушісі ғана болған екен. Тоқтарханның өзі Аягөз ауданының "Құрметті азаматы" атаныпты. Лауазымы биік, қалтасы қалың ұлдың қарапайым әкесі көзі тірісінде түсінде де көрмейтін құрметке бөленетін болды. Көпшілік наразылығын тудыратын кемшілік көп-ақ.Тарлаулы топырағынан қалса қазаққа, озса әлемге танымал тұлғалар жаралған. Үш бірдей министрдің кіндігі осы ауылда кесілген. Ондаған ғылым докторлары түлеп ұшқан мекен.
Медицина бойынша дүние жүзіне мәшһүр екі бірдей ғылыми-зерттеу институттардың ірге тасын қалағандар - осы Тарлаулы перзенттері. Солардың бір де бірінің есімін еншілеген бір де бір көше немесе нысан жоқ. Бұдан біраз жыл бұрын көше және елді мекен атауын өзгертуге мораторий жарияланған еді. Өйткені, сол кезде есімін жалпақ ел тұрғай, көрші қолаңдары да әрең-әрең білетін әлдекімдердің аттарын нысандарға беру жиілеп кетіп, қоғамның наразылығын тудырған еді. Содан барып, "Ономастика туралы" заңға түбегейлі толықтыру мен өзгерту енгізу үшін зерттеу жүргізілді. Заңның кемшін тұстары анықталып, кейбір баптар қатаңдатылды. Келеңсіз, негізсіз берілген атауларды реттеуде осы құжат негізгі тетік болу керек еді.Елбасының көкесі үлкеннің көше атын, қалтасы қалыңның ауыл атын иемденетінін сынаған ескертпесіне елең етпегендер болған.
"Ономастика туралы Заңның" 25-бабында Қазақстан Республикасындағы әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөлiктерiне, әуежайға, порттарға, вокзалдарға, теміржол, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру және оларды қайта атау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға жеке адамдар есімін беру жөніндегі ономастика жұмысының критерийлері анықталған болатын. Ол бойынша тек Қазақстан Республикасының алдындағы сіңірген еңбегі үшін кентке, ауылдық округке, ауылға жеке адамның атын беруге негіз бола алмайды. Жеке тұлғаның еңбегі өз бағасын Халықаралық қауымдастық алдында алу керектігі тұжырымдалған. Жеке адамның Халықаралық қауымдастық пен Қазақстан Республикасының алдында сіңірген еңбегіне Заңмен шектеу қойылған.ult.kz