Павлодарда хайуандықпен өлтірілген отбасы мүшелері жерленді
2014 ж. 10 сәуір
2332
0
Павлодарда бауыздалып өлтірілген отбасының мүшелері жер қойнына тапсырылды. 35 жастағы Алмагүл Арынғазина мен оның Альмира, Шахрият есімді қос сәбиін ақтық сапарға шығарып салуға ағайын-туыс түгел жиналған.
Бұл тек әйелдің төркіні жақтан келгендер ғана. Ал, асылып өлген 49 жастағы күйеуі - Төлеген Әубәкіровті Ресейдің Алтай өлкесіне алып кетті. Ерлі-зайыптылардың азаматтық некеде тұрып жатқанына әлі жыл да толмаған екен.
Естеріңізге салсақ, қан-жоса болып пышақталған екі бүлдіршін мен ата-анасының мәйіті өткен жексенбіде табылған болатын.
Аяғы ауыр әйелі мен өгей ұл-қызын осы 49 жастағы отағасы өлтірді дейді полицейлер. Бала-шағасын қырып салған соң Әубәкіров өзі де асылып қалған.
Өлерінің алдында хат қалдырғаны да айтылған бұған дейін. Дегенмен онда нақты не жазылғаны әзірге жарияланбай отыр. Ал тергеудің алғашқы қорытындысына марқұмдардың жора-жолдастары мүлдем сенген жоқ.
"Қабырғам қайысып отыр. Бәлкім, бұл әлдебір қанышердің ісі шығар. Әйтесе, марқұмдардың айтарлықтай қарыздары, не болмаса қас дұшпандары болған емес. Тып-тыныш тіршілік кешіп жатқан, қарапайым отбасы еді", - дейді марқұм А.Арынғазинаның қызметтесі Юрий Кузин.
nur.kz