Әлемде мұнай бағасының құлдырауы Қазақстанға қалай әсер етпек?
2014 ж. 02 сәуір
2390
0
АҚШ пен Батыс елдері Ресейге қарсы қолданған қаржылық санкциядан соң энергетикалық саланы қолға алмақшы. Ол үшін бүгінге дейін саудасына тыйым салынып келген Иранның мұнайын бұғаудан босатпақшы.
Оған қоса Сауд Арабиясы, Ирак, Ливия да нарыққа шығаратын "қара алтын" көлемін арттыруға дайын. Осыған дейін мұнай импортшысы боп келген Вашингтонның өзі енді экспортшы рөліне көшпекші. Мұндай жағдайда әлемдік мұнай бағасы күрт құламақ.
Ал мұнай құнсызданса, шикізат табысына байланған мемлекеттерге өте қиын болады.
Таяу күндері АҚШ президенті Барак Обама Сауд Арабиясына ресми сапармен бармақшы. Мамандардың топшылауынша, Обама араб ханзадаларынан халықаралық нарықтағы мұнай бағасын төмендетуге ықпал етуді сұрамақшы. Сөйтіп ол агрессивті райынан қайтару үшін ресейлік әріптесін тағы бір қыспаққа алып көрмекші.
Негізінен, тарихта Мәскеуге ықпал ету үшін АҚШ-тың араб ханзадалары көмегімен мұнай бағасын құлатқан оқиға болған. 1985 жылдың 13 қыркүйегінде Сауд Арабиясының сыртқы істер министрі Ямани өздерінің мұнай өндіруді шектеу саясатынан бас тартатындығын мәлімдейді.
Осыдан кейін алты ай ішінде Сауд Арабиясының мұнай өндіру көлемі 3,5 есеге өскен, жыл соңында ол 6,5 есені құрайды, баға да сырғып төменге құлдилай жөнелген. Егер 1981 жылы мұнайдың бір баррелі 35 доллар болса, ол 1986 жылы 20 долларға барған.
Сауд Арабиясы АҚШ-тың айтқанын екі етпей орындауы ықтимал. Өйткені бұл екі мемлекет бұрыннан саяси және экономикалық мәселелерде әріптес, мүдделестер боп табылады.
Ал өз кезегінде Вашингтон осыған дейін халықаралық нарықтағы шикізаттың 10 пайызын тұтынып келсе, енді осы еншісін Еуропалық одаққа атамақшы.
Ал өзі экспортшы рөліне көшпек. Сол секілді Иранға салынған санкция күшін жойса, онда халықаралық нарықта мұнайға деген ұсыныс көбейіп, баға құлайды. Бір баррель 80 доллар болуы әбден мүмкін. Өйткені Сауд Арабиясының 2014 жылға арналған бюджеті 80 долларға негізделіп есептелген екен. Ал Ресей үшін бұл ауыр соққы болмақ.
"Бір баррель мұнайдың құны 80 долларға төмендеуі әбден мүкін нәрсе, өйткені бұл баға АҚШ әріптестерінің көңіліне қонымды. Ал 2014-2016 жылдарғы бюджетте мұнайдың бір баррелі 97 доллар болады деп есептелген Ресей үшін үлкен қиындықтар туады", - депті "Норд-Капитал" инвестициялық қорының аға сарапшысы Роман Ткачук ресейлік басылымға берген болжамында.
Сондай-ақ энергетикалық санкцияға қатысты тағы бір өзекті мәселе бар. Ол – Батыстың ресейлік мұнай мен газдан бас тарту-тартпауында.
Еуропалық одақ өзі тұтынатын мұнайдың 50 пайызын, газдың 30 пайызын Ресейден алады. Бұл – айтарлықтай көлем. Мысалы, Иран мұнайы Батыстың тұтынысындағы 25 пайыз көлемді жауып отырған. Демек, Ресеймен салыстырғанда 50 пайыз кем.
Иран бағытынан Батыс бас тарта алды. Есесіне, Грецияны, Италияны, Испанияны "құрбандыққа" шалды. Бүтін бір мемлекеттері дефолттық жағдайға дейін жетті. Өйткені Греция, Испания және Италия тұтынатын мұнайдың 70 пайызы Ираннан келіп тұрған.
Қазір Еуропа Ресейден шикізат алмайды. Қытай және басқа азиялық мемлекеттер оны Ресейден арзан бағаға сұрайды. Ал тағы бір сарапшы мамандар Батыс елдері Ресейдің шикізатынан бас тарта алмайды деседі.
Соның бірінде мынандай факті мысалға келтіріледі: "Батыстың газ бойынша тәуелділігі – өте жоғары. АҚШ-қа қарағанда Еуропада электр энергиясы 50 пайызға, газ 2-3 есеге қымбат. Еуропалық энергетикалық өнеркәсіп америкалыққа қарағанда бәсекеге қабілетсіз. Мұнда жағдай жылдан жылға қиындап барады. Сондықтан олар Ресейге шикізат бойынша шектеу қоя алмайды", - деген таяудағы өз болжамында UFS тәуекел менеджменті департаментінің аға сарапшысы Алексей Козлов.
Халықаралық нарықтағы мұнай бағасы құласа, ол Қазақстанға да әсер етпей қоймасы анық. Ал Ресей бағытындағы құбыр жабылса, онда экспорттайтын мұнай көлемі де қысқаруы мүмкін.
Нәдір Нәдіров, экономика ғылымының докторы, профессор: КСРО кезінде Қазақстанның мұнай тасымалдайтын бір-ақ жолы болды. Атырау – Куйбышев, қазіргі Самара. Ал қазір Қытаймен арада мұнай құбырымыз бар. Танкер арқылы Ақтау портынан Иранға, одан әрі Парсы шығанағына тасымал жасаймыз.
Баку-Жейхан-Тбилиси деген мұнай құбыры тағы бар. Елімізде мұнайды өндіріп жатқандар, көбіне америкалық компаниялар. Сондықтан олар өз мүддесін кез келген жағдайда қорғап алады деп есептеймін.
Ресей мен АҚШ текетіресі Қазақстанның шикізат экспортына айтарлықтай әсер етеді деп айта алмаймын. Баға ақырындап төмендесе, ештеңе етпейді. Бұл – нарық заңдылығы.
Олег Егоров, Экономика институтының бас ғылыми қызметкері: – Ресей-АҚШ текетіресі жалғаса береді, бір-біріне айбат шегеді, бұл – қалыпты жағдай. Бірақ бүгінгі таңда мұнай бағасы құламайды. Оған ешкім ықпал ете алмайды.
Енді Тегеран Вашингтоннан, Батыстан бойын аулақ ұстайды. Ол мұнайын шикізат тапшылығын сезініп отырған Азия нарығына бағыттайды: Жапонияға, Үндістанға. Ал газ мәселесін, тіптен қозғаудың реті жоқ.
Бұл ретте Батыс бүтіндей Ресейге тәуелді. Америка сұйытылған газ беремін дейді. Айтқанға оңай, әрине. Бірақ ондай газды қабылдап алуға Батыс дайын емес. АҚШ-тың да мұндай тасымалға қажетті мамандандырылған кемесі әзір тұрған жоқ.
Сондықтан таяу болашақта халықаралық нарықта мұнай бағасы қатты төмендемейді. Аздап қиыстап кетуі мүмкін. Қалай дегенмен де Қазақстан бюджетін есептегенде ең кем дегенде мұнайдың бір баррель құнын 90 долларға байлаған. Осы көлемнен баға төмен кетпейді деп ойлаймын.
"Алаш айнасы"