ЭКСПО-2017 ЖӘНЕ ҚЫЗЫЛ АҒАШ ПЕН КӨКПЕКТІНІҢ АРАСЫ
2014 ж. 01 сәуір
2997
1
2010 жылында 11 наурыздан 12 наурызға қараған түні Қызылағаш су қоймасындағы бөгеттің бұзылуынан Қызылағаш ауылы шайылып, шамамен 150 адам ізім-қайым жоғалған болатын. Бірақ ресми мәлімет 37 адамның ғана қаза болғанын растады. Қызылағашта шамамен 3,5 мыңға жуық адам тұратын еді.
Мұндай «қырғынға» су қоймасының арнасынан асып тұрғанын білген, көктемгі егіншілік науқанында саудаға салу үшін судың асып-төгіліп тұрғанын қалаған басшы мен 6 сағат бұрын хабардар болса да міз бақпаған Төтенше жағдай мекмесінің қызметкерлері анық кінәлі еді. Үкімет баспанасыз қалған тұрғындарға жаңа үй тұрғызып берген болды да бұл істің беті жабылды.
Міне, араға 5 жыл салып айдың-күннің аманында «Көкпекті» жұрты қара жамылды. Бөгет жарылып, ауыл судың астында қалды. 5 адам мезгілсіз мерт болды. Ал төтенше жағдайға жауапты Министр Божко бұл өңірдің 18 градусқа жылынып кететінін 1 апта бұрын білгенін мойындады.
Сөйтіп, аз қазақтың бейбіт күнде жер жастануына «өзіміз» себепші болып отырмыз. Әр көктемде жұртымызды бес-бестеп «құрбандыққа» беріп отырсақ, «2050 стратегиясын» әдеттегідей мезгілінен бұрын орындайтын түріміз бар.
Анығы, Қазақстанның барлық аумағы бойынша апатты жағдайда тұрған қанша су қоймасы болса, соның бәрін жаңалауға бір «Экспоның» ақшасы жететініне күмән жоқ. Бірақ атақ керек пе,алаш керек пе? Оны халық емес, «Халықтың қызметшісі» болуға тиіс билік қана шешеді. Бізде солай.
Е.Есенгелдиев
Abai kz