КАЗАКТЫҢ ТУЫН СҮЙГЕН ЕРЛАН ДЕГЕН САТҚЫН КІМ?
2014 ж. 21 наурыз
3431
17
Қошқарбаевтың немересі, Сұраншының ұрпақтары казактардың қолтығында жүр...
Адам баласы ақылынан алжасып, ататегінен, адасып туған ұлтынан безінейін десе, әп-сәтте екен ғой. Демократияны желеу етіп, «өз еркім өзімде» деген менің кейбір замандастарым қазақ болып туғанына өкінетіндей.
Ондай адамдарды қазақ «шіріген жұмыртқа» деп төтесінен айтқан. Туған тіл, ата салт, баба дінінен бас тартып, өзгенің қолтығына кірген адамды сатқын демей кім дейміз? Суретте беріліп отырған Ерлан есімді мына жігітті іштен шыққан «шұбар жылан» демеске амалымыз қалмағандай.
Рақымжан батырды білмейтін қазақ бар ма бүгінде? Арысы күллі әлемге, берісі кешегі Совет тарихында аты аңызға айналған тұлға, екінші дүниежүзілік соғыстың нүктесін қойған қаһарман, Рейхстагқа ту тіккен тарлан. Кешігіп жеткен даңқтың иесі. Жеңіс жалауын желбіреткен атағын ресми Мәскеу кеше ғана амалсыз мойындады. «Ерлік елеусіз қалмасын» деген Момышұлы өсиеті орындалды. Сол батыр Рақымжан атамыздың кіндігінен тараған бір ұрпағы – осы Ерлан ұлтынан жеріп, «Құран ұстап», ант-су ішіп, қақырап қаңқасы, сылдырап сүйегі қалған казачествоға кіреді деп кім ойлапты?!
Өздерін «Жетісу казактары» деп атайтын славян текті диаспораның быт-шыты шыққан, жұртта қалған қалдығы Алматының ең бір шұрайлы жерінде отырғанға ұқсайды. Ағаш қамал соғып, ақалтеке ұстап, шаруасын шырқ үйіріп, айналасына өздерінің басын ғана қосып қоймай, қазақтарды да тарта бастапты. Оның өзінде де батырдың тұяғы дегендей, жұрт назарын аударатындай айла ма, амал ма – әйтеуір бір ойлағандары бар сияқты. Сайтта жарияланған суреттердегі «жатырдан жерігіш» Ерлан Рақымжановты қояйық, шикіөкпе бала болсын, одан басқа, Сұраншы батырдың бәленбайыншы ұрпағы, ересек тартқан екеудің әрекеті не? Сұраншының кезінде біздің оңтүстігімізді жаудан қорғап қалған осы казактар екен. Олардың ойынша, батыр бабалары барып казактардан көмек сұрамаса, біз қазір өзбекке, болмаса қырғызға бодан болып жүре беретіндей екенбіз.
Бүгінде қанқұйлы Ермактың елі казактар мен менің ұлтым қазақты қосып, бір түптен шығаруға тыраштанып жатқандар көбейіп кетті. Тарихы қабыспақ түгілі, өңі мен түсі, түрі, бет-бейне, бүкіл болмысы сәйкеспейтінді қалайша туыстас, қандас етіп шығармақ?! Керісінше, «ежелгі дұшпан ел болмас» дегендей, бабамның қанын судай ағызып, анамның жасын көлдей төккізген қанды ғасырларды қалай ұмытайын. Кешегі Алтын Орда қандай еді?! Дәуірлеп тұрған, даңқы дүниені дабылдатқан Түркі жұртының тұяғы болған Қазан хандығы, Қырым хандығы, Сібір хандығы, Ноғай ұлысы, Қазақ хандығының түбіне жеткен осы казактар емес пе еді? Енді кеп олар қалай туысқан болады?
Рақымжан атамыздың атына кір, абыройына нұқсан келтірген Ерланның казактар жиналысында «Отанымды және казачествоны қорғауға ант етемін!» деп тұрған сәті фотосуретке анық түскен. Сосын барып, тізе бүгіп, казактардың тіккен туын сүйіп берілгендіктің рәсімін жасапты. Неткен адалдық?! Құдай-ау, Отаны түсінікті, казачествода несі бар десеңізші. Бұл «жүгірмек» айтады: «Казачествоға келуіме атамның еш қатысы жоқ, менің достарым бар, мен солармен біргемін», – деп. Ал, ұлттың мақалында былай делінеді: «Орыстан досың болса, қасында айбалтаң болсын!». Әрине, бұған атасының қатысы жоқ, егер қатысы болса, жоламас па еді деп ойлап қоямын іштей.
Бұдан басқа Асылхан Артықбаев деген тарихшысымақ біреу жүр, Отан шекарасының күзетін казактардың қолына беру керек деп шатты-бұтты бірдеңесін айтып. Бұл дегеніңіз – тап-таза аюдың аузына өзің барып түсу ғой. Тарихшы болмақ түгілі, есі дұрыс бір қазақ ондайға көне ме? Әрине, жоқ! Соңғы кезде қаптап кеткен одақтардан бас тарта алмай діңкелеп жүргенде, шекараны казактарга тапсырып қою – өз көріңді өзің қазумен бірден нәрсе екен.
Казактар біздің қазақтардың өз еріктерімен келіп, қауымға қосылғанын қуана қарсы алып жатыр. Қарапайым мен сияқты біреу барсыншы, алмас еді, оларға міндетті түрде жарнама жасай алатын адамдар қажет, Қошқарбаевтың бәленбайыншы ұрпағы, Сұраншының түгенбайыншы ұрпағы дегендей. Сондықтан әлгі казактардың сасық қулығы бар бұл жерде.
Мұның бәрі – біздің мемлекетіміздің ішкі саясатының әлсіздігінен. Ассамблея дегенді құруға жол беріп, ортақ Отанның ішінен отаулардың қаптап кетуіне ықпал еттік. Өзімізді басып-жаншытып, билеп-төстетіп, тым еркіне жіберіп алдық. Жастар саясаты өз бетімен кетті, ауа жайылып, ойына келгенін жасауына мүмкіндік бердік. Айналып келгенде, еліктеуге бейім қазақтардың осал тұсы білініп, келешек тірегі саналатын жастардың болашаққа деген күдік-күмәні көбейе түскенді көрсетеді. Түп тамырынан ажыраған ұрпақтың келешегі қандай болатыны белгілі жайт, менсіз де көп жазылды.
Сонымен, қарсы алыңыз – «Отаны мен казачествосын қорғағыш» Ерлан деген «ер» шықты!
Заңғар КӘРІМХАН
qiyan.kz
*Тақырып өзгертілді