Әлемдегі ең қарт адам Қазақстанда тұрады
2014 ж. 06 наурыз
2135
0
Күні кеше әлемдегі ең қарт адам - жапондық Мисао Окаваның 116 жасқа толғандығын хабарлаған болатынбыз.
Алайда, жер бетінде Окавадан 1 жас үлкен адам бар екен. Ол - ОҚО-ның Қазығұрт ауданында тұратын Ұлбала әжей. Жалпы, Қазығұрт ауданында жасы жүзден асқан 14 тұрғын бар. Солардың бірі 1897 жылы туылған қарт әже Ұлбала Бейсенова. Үш ғасырдың куәсі болған кейуана 117 жасқа толып отыр деп хабарлайды Otyrar.kz.
Ол Шарапхана ауылында тұрады. Кейуана жас кезінен еңбекке ерте араласып, комбайын айдап, трактор тізгіндедім дейді. Мереке қарсаңында қарт ана жастық шағын бір сәт еске алып, ұзақ жасаудың сырын айтты. Ұлбала Бейсенова, 117 жастағы әже: "Ұзақ жасаудың сыры - айран ішіп, қымыз ішіп, ет жеп, жақсы ауқат ішсең өсесің. Денің сау болады".
Ұлбала Бейсенованың ең сүйікті асы - жұқпа тағамы. Сүйікті сусыным қымыз дейді. Қазір, кейуана егде жасына қарамастан өзін сергек сезінеді. Ертелі кеш ауылдың кішкентай "кекілділеріне" ертегі айтып, келіндеріне ақыл кеңесін беріп отырады.
Көрші, қоңсының хал-жағдайын да жиі біліп тұрады дейді ауыл тұрғындары. Ұлбала әже 1ұл, 1 қызынан - 7 немере, 18 шөбере, 6 шөпшек, 3 немене сүйіп отыр. Мереке қарсаңында жергілікті билік өкілдері тосын сый жасап, қарияға құрмет көрсетті.
nur.kz