Янукович елден неге қашты?!
2014 ж. 03 наурыз
2079
1
Украинаның қызметінен алынған бұрынғы президенті Виктор Янукович 28 ақпан күні Ресейдің Дондағы Ростов қаласында баспасөз мәслихатын өткізді.
"Патриот офицерлердің арқасына Дондағы Ростов қаласы маңындағы досының үйінен пана тапқанын" айтқан Янукович "Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен жоқпын, тек телефон арқылы сөйлестім" деп мәлімдеді. Ақпанның 28-і күні Дондағы Ростов қаласында баспасөз мәслихатын берген Украинаның биліктен тайдырылған бұрынғы президенті Виктор Янукович "елінен қашпағанын, өміріне қауіп төнген соң Ресейге кеткенін" мәлімдеді.
Ол Украинаның қазіргі билігін "сыртқы күштердің қолдауына сүйенген ұлтшыл, профашистік шағын топ" деп сипаттады. Жоғарғы Раданы заңсыз деп танитынын айтқан Янукович Украинаны тұрақсыз күйге түсірген "Майданға қолдау көрсеткен Батыстың жауапсыз саясаты" деп біледі. Ол оппозициямен келісім жасауға араағайындық еткен Батыс елдерін "мені алдап кетті" деп айыптып, "оппозиция ол шартты орындамады" деп мәлімдеді. Янукович Украинада жалпыхалықтық референдум өткізуді талап етті. Журналистер өзін әлі де "Украинаның президентімін" деп атаған Януковичке "оны қалай дәлелдей аласыз" деген сауал қойды. "Мен Рада қабылдаған заңға қол қойған жоқпын. Бұл - менің президент екенімді дәлелдейтін заң жүзіндегі факт. Отставкаға өтініш жазған жоқпын, маған импичмент жариялаған жоқ. Мен тірімін. Көріп отырсыздар, тірімін", - деді Янукович. Янукович Украинада мамырдың 25-і өтуі тиіс президент сайлауын заңсыз деп атап, оған қатыспайтынын айтты. Ол халықаралық арағайын елдердің кепілі болса ғана Украинаға оралатынын мәлімдеді. "Қырымдықтар ұлтшылдар мен бандерашыларға бағынғысы келмейді, бағынбайды да", - деп мәлімдеді Қырымдағы ресейшіл күштер мен жергілікті татар белсенділері арасындағы қақтығысқа байланысты сауалға жауап берген экс-президент. Янукович Украина аумағында басқа киім киген Ресей әскерлері жүр деген пікірді жоққа шығарды. Янукович Украинадағы дефолт қаупі ахуалы орнауына елде тұрақсыздық туып, Ресей сияқты әріптестен айрылып қалғанынан деп біледі. Ол Ресейден әскери көмек сұрамайтынын айта келе: "Украина (Ресей деп айтқысы келген болу керек - ред.) біздің әріптесіміз болған, бола да береді. Ресей әрекет жасауы керек. Путиннің мінезін білуші едім - оны әлі үнсіз отырғанына таңмын" деді. Оған Межигорьедегі үйі жайлы, ондағы хайуанаттар бағы туралы да сауал қойылды. "Ол үйді маған Кучма мен Ющенко мәңгі-бақи пайдалануға беру жайлы бұйрық шығарған. Ескі үй еді, өзім жөндеп алдым. 2004 жылы сол үйден тағы шығармақ болғанда бар мүлкімді сатып, 3 миллион долларға сол үйді сатып алдым. Ондағы 1,7 гектар жер ғана менікі, басқасы - жалға берілген. Халықаралық адвокаттар таяу арада сотқа өтініш береді. Ол Украинаның меншігі емес, менікі. Телевизордан көрсетіп жатқанының бәрі - әдемі суреттер ғана", - деді Янукович. Янукович баспасөз мәслихатын қорытындылай келе Киевте болған қайғылы оқиғаларды тағы бір еске алып, толқыған кейіпте "екі тараптан да" кешірім өтінді. Залдағы журналистердің бірі Януковичтен: "Өзіңізді "Украин халқы сатып кетті" деп айтасыз. Сөйте тұра әлі президент ретінде қызметіңізді жалғастыра бермексіз. Сонда қай халықтың, кімнің президенті болмақсыз?" деп сұрақ қойды. Янукович сұрақты түсінбегенін айтқан кезде, манадан өте белсенді түрде сөзге араласып отырған жүргізуші бұрынғы президенттен "бұл күрделі сұраққа қатысты ойлана тұруын" өтініп, журналистерден басқа "түсінікті" сұрақ қоюды талап етті. Баспасөз мәслихаты барысында Янукович бірқатар сұрақтарды "естімей, я түсінбей" қала берді. Бір сағаттан астам сұхбат кезінде журналистер бірнеше мәрте талаптанса да, Януковичтің Қырымнан Ресейге қалай жеткенін анықтап біле алмады. Киевте былтырғы қараша айынан бері үкіметке қарсы шерулер өтіп, полиция мен демонстранттар қақтығысы кезінде ондаған адам өлген. Ақпанның 21-і күні оппозиция жетекшілерімен дағдарысты реттеуге қатысты келісімге қол қойған Янукович көп ұзамай бой жасырған еді. Бүгінге дейін оның нақ қайда жүргені белгісіз болып келген. Украина парламенті Януковичті қызметінен босатқан болатын. Осы аралықта уақытша үкімет құрған оппозиция өкілдері саяси және қаржылық дағдарысты тереңдетпеу үшін елді тыныштыққа шақырған. Биліктен қол үзген Украина президенті Виктор Янукович өзінің және жақындарының өміріне қауіп төнгендіктен елден қашқанын мәлімдеді. "Мен ешқайда қашқан жоқпын. Мен Киевтен Харьковқа көшіп келдім. Украинада маған жан-жақтан оқ атты. Мені оқшаулаған көлікке жан-жақтан оқ жаудырды. Мен жолға шыққанда, жалғыз емес едім", - деп баяндады Янукович.Мені ешкім де тақтан түсірген жоқ, деп мәлім етті Виктор Янукович және ол Украина мемлекетін террорлық әрекетпен басып алуға тырысатындардан қорғау күресін жалғастыратын айтты. Сондай-ақ, Украина басшысы өздерінің Харьковқа мәжбүрлі кеткенін әңгімеледі. Оның қасында Жоғарғы Раданың өкілі және әкімшілік басшысы болған. Янукович Украинада қашқаннан кейін, жұрт алдына бірінші рет шыққан болатын. Оның мәлімдемесін тыңдауға 100-ге тарта журналист жиналды.Азаттық радиосы