Банктер банкротқа ұшырап жатыр ма?..
2014 ж. 19 ақпан
2842
0
Девальвация Қазақстан азаматтарының біразын әбігерге түсірді. Содан кейбір екінші деңгейлі банктер техникалық дефолт, яғни сырттан алған ақшаларын қайтара алмаймыз деп жариялап, бүгінде өз қарыздарын қайта құруға кірісті. Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде бірқатар банктер мүлдем банкрот болады деген ақпараттар жиі тарала бастады. Осы мәселенің анық-қанығын білу мақсатында «Алаш айнасы»тілшісі Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің пікірін білген еді.
Иә, күні кеше ғана WhatsApp желісінде Альянс банк, Kaspi Bank пен БанкЦентрКредит банкі жақын арада банкрот болып жарияланады деген ақпарат тарады. «Аталған банктерде салымдар болса, оның барлығын шұғыл алып кету керек», – делінген қысқа хабарламада. Алайда аталған хабарламаны таратқан адамның есімі белгісіз күйде болып отыр. Осы мәселеге байланысты экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев та тұщымды жауап бере алмады. «Меніңше, жоқ. Альянс қайта құру жұмысын қолға алатындығын жариялады, басқа ештеңе болған емес. Ештеңе болған жоқ. Банктер оған (банкрот болуға - авт) ниет білдірмеді», – деп қысқа ғана қайырды министр Үкіметтің бүгінгі отырысынан кейін. Әлбетте, банкрот боламын деген бірде-бір банк ол туралы бір ай бұрын айтпайды. Халық та оны жақсы біледі. Ал әлеуметтік желілер арқылы лезде тарап кеткен ақпарат қазірдің өзінде өз «жемісін» беруде.
Алдағы екі-үш күнде аталған үш банк банкротқа ұшырайды дегенді ести сала, халық жапатармағай өз салымдарын әкете бастады. Банктер болса, АҚШ валютасын бірден бере алмай жатыр. Ол үшін алдын ала өтініш беріп, екі-үш күннен кейін долларлап алуға мүмкіндік бар. Дегенмен, халық оған қарамай, долларды теңгеге ауыстырып, ұлттық валютада басқа банктерге аударуға кірісті. Оны басқалар да көріп, өз ақшаларын әкетіп жүр. Банк қызметкерлерінің көңілі пәс. Олардың өздері алдағы уақытта не болатынын білмейді. Бір нәрсе анық, девальвациядан кейін сырттан доллармен ақша алып, мына жақта теңгемен таратқан банктердің жағдайы мәз емес. Себебі теңгемен берілген ақша теңге болып қайтады. Ал долларды жаңа курспен қайтару қажет. Оған қоса, халық жаппай өз ақшасын алып кететін болса, кез келген банктің жағдайы нашарлайтыны белгілі. Ондайда бір-ақ күннің ішінде банкрот болып шығу ғажап емес.
Қазақстандағы ірі банктердің бірінде істейтін басшы: «Жақын арада бізге жаңа депозиттер келіп құйылады», – деп айтып қалды. Соған қарағанда, біреулер девальвацияны пайдаланып, екінші деңгейлі банктерді тақырға отырғызып кетуге мүдделі. Ол үшін қатты қиналудың қажеті де шамалы. Ғаламторға белгісіз біреудің атынан ақпарат жіберсең, болды. Ақша өзінен-өзі сенің қалтаңа келіп құйылады...
"Алаш айнасы"