Қазақстанда театр әртісінің жалақысы слесарь мен сантехниктерден де төмен
2014 ж. 12 ақпан
1871
0
Қазақстанның өңірлерінде театр әртістерінің жалақысын 1,7 немесе 2 көтерме коэффициенттерін пайдалану арқылы жергілікті бюджет есебінен өсіру қажет.
Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметінің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед айтты.
Отандық театрлардағы күрделі проблемалардың бірі жалақы мәселесі болып отырғандығын баса айтқан министр бұл мәселенің республикалық деңгейде біртіндеп шешіліп келе жатқанын мәлімдеді.
"Облыстық театрдың әртістері негізінен 30-40 мың теңге ғана жалақы алады. Ал кейбір театрлардағы слесарь, сантехник, электрик сияқты жұмысшылар әртістерден әлдеқайда көп жалақы алып отыр", - деді министр.
Сондықтан министр өңір әкімдерінен облыстық театр әрістерінің және жалпы мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысын мұқият қарап шығып, жалақыны 1,7 немесе 2 есе жергілікті бюджет есебінен өсіруді сұрайтындығын баса айтты.
"Үлкенді-кішілі мерекелерде, саяси шараларда ел алдына шығып сөйлейтін осы зиялы қауым өкілдері емес пе? Ендеше, мәдениет майталмандарының жалақысы олардың халық алдындағы беделіне сай болғаны жөн деп білемін", - деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Министр театрлардың жаңа қойылымдарына бөлінетін қаржы мардымсыз екенін де қозғады. Республика театрларында бір спектакльді сахналауға 2 млн теңгеден жоғары қаражат жұмсалады екен. Бұл Ресей театрларымен салыстырғанда 10-15 есе аз көрсеткішті білдіреді.
Мұхтар Құл-Мұхаммедтің атап өтуінше, облыстық театрлардағы бір қойылымға бөлінетін қаржы республикалық деңгейден 10 есеге төмен. Мәселен, Арқалық қазақ драма театрында 6 қойылымға 2,6 млн теңге бөлінген.
Жетісай театрында 4 қойылымға 1,1 млн теңге, яғни әр спектакльге небәрі 275 мың теңге жұмсалған, ал Павлодар облыстық қазақ театрында 6 қойылымға 1,4 млн теңге, яғни әр спектакльге 293 мың теңге ғана қаражат бөлінген.
Ондаған әртіс қатысып, оларға арнайы костюм тігілетін, бірнеше рет көрініс ауысып, көптеген арнайы декорациялар, реквизиттер жасалатын спектакльді небәрі 2000 долларға жетер-жетпес қаражатқа сахналауға болмайтынын министр қадап айтты.
"Тіпті, сол шенеуніктердің ара-тұра болатын той-томалағына қатысатын кейбір эстрада "жұлдызшаларына" бұдан әлдеқайда көп қаламақы берілетінін олар жақсы біледі. Ендеше, олар бүгінгі айтылған сыннан тиісті қорытынды шығарады деп сенемін", - деді Құл-Мұхаммед.
Министр жоғарыда көтерілген мәселелерді жауапты аймақтық театрлардың бюджетін қарастыратын облыс әкімдерінің қаржы, экономика жөніндегі орынбасарларына бағыттады.
Қазақпарат