Оймауыт ауылына газ берілді
2025 ж. 18 желтоқсан
73
0
Байғанин ауданына жұмыс сапары аясында өңір басшысы Асхат Шахаров ауыл тұрғындары үшін аса маңызды оқиға – газ құбырының іске қосылу рәсіміне қатысты.
Облыс әкімі жергілікті тұрғындарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, ауылға газдың келуі Мемлекет басшысының ауылдарды дамыту және қажетті инфрақұрылыммен қамту туралы тапсырмасы аясында жүзеге асырылғанын алға тартты.
«Бүгін ауыл үшін жаңа даму кезеңі басталып отыр. Газға қосылу – бұл тек жылу мен тұрмыстық жайлылық қана емес, сонымен қатар экономиканың өсуіне, шағын бизнестің және әлеуметтік саланың дамуына нақты мүмкіндіктер ашады. Жастардың туған ауылында қалып, еңбек етіп, болашағын осы жерде құруына жағдай жасалады. Газ құбырының іске қосылуы – өмір сүру сапасын арттыру мен ауыл инфрақұрылымын дамыту жолындағы маңызды қадам. Үйлеріңізде әрдайым жылу мен жайлылық, адамдардың жүрегінде ертеңгі күнге деген сенім болсын, ал ауылымыз дамып, нығайып, одан әрі гүлдене берсін»,– деді облыс әкімі.
Ауылдағы газ құбырының құрылысы екі жылдан астам уақытқа созылды. Жобаны іске асыруға 8,3 млрд теңге жұмсалды, құрылыс жұмыстарын «Алия-Сервис» ЖШС мердігер ұйымы атқарды. Газ құбырының жалпы ұзындығы 184,8 шақырым.