Жамбыл ауданының елдімекендері ауыз су және көгілдір отынмен толықтай қамтылмақ

Жамбыл ауданының елдімекендері ауыз су және көгілдір отынмен толықтай қамтылмақ

Жамбыл ауданындағы 31 елді мекеннің 30-ы орталықтандырылған таза ауызсумен немесе жалпы тұрғындардың 99,4 пайызы ауызсумен қамтылған. Өрнек, Жұма ауылдарында таза ауызсу жүйесінің құрылысы жүргізілуде. Аталған жоба іске асқан жағдайда биылғы жылы қамтылу көрсеткіші 100 пайызға жетеді.

Сондай-ақ, Аса және Айша бибі ауылдарында халық санының өсуіне және жаңа тұрғын үй алқаптарының қосылуына байланысты ауызсу тапшылығын болдырмау мақсатында екінші көтергіш сорғы станциясының құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жобаның жалпы құны – 1 миллиард 293,5 миллион теңге.

Облыстық бюджеттен қаржыландыру үшін тиісті бюджеттік өтінім тапсырылды. Аудан бойынша 31 елді мекеннің 27-сі табиғи газ жүйесімен қамтылған, бұл көрсеткіш 87,1 пайызды құрайды. Тоғызтарау, Жаңаөткел, Құмсуат, Сеңгірбай елді мекендерінің ауылішілік газбен қамту және Сеңгірбай ауылына дейін магистральды газ құбырының құрылыс жұмыстары аяқталуда. Осы аталған 4 елді мекен табиғи газға қосылған жағдайда қамтылу көрсеткіші 100 пайызға шықпақ.