"Жайлы мектеп" — бала болашағына салынған инвестиция

"Жайлы мектеп" — бала болашағына салынған инвестиция

Елімізде жыл соңына дейін 112 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Қазақстанда соңғы жылдары білім беру саласында ауқымды реформалар мен нақты қадамдар жүзеге асырылып келеді. Солардың бірі – Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы. Бұл жоба – ел болашағы саналатын жас ұрпаққа сапалы білім беру, қауіпсіз әрі қолайлы оқу ортасын қалыптастыру бағытындағы тың серпін.

2025 жылдың соңына дейін 112 жаңа мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

– Былтыр ауқымды құрылыс жұмыстары басталды. Қазірдің өзінде 105 мектеп бой көтеріп үлгерді. Биыл тағы 112 жаңа мектеп есігін айқара ашпақ. Жалпы алғанда, екі жыл ішінде 460 мың оқушы орнына арналған 217 заманауи мектеп салынуда. Бұл – еліміздің білім жүйесі үшін тарихи көрсеткіш, – деді министр.


Қала мен ауыл мектебінің арасындағы алшақтықты жою


"Жайлы мектеп" жобасы тек мектеп санын арттырумен шектелмейді. Бұл – стратегиялық деңгейдегі әлеуметтік бастама. Оның негізгі мақсаты – қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы теңсіздікті жою, барлық балаға тең мүмкіндік беру.

Жобаның түпкі мәні – кез келген баланың білім алуына қолайлы жағдай жасау. Қаланың орталығында оқитын оқушы мен шалғай ауылдағы баланың сапалы білім алуға бірдей қолжетімділігі болуы шарт. Жаңа мектептерде заманауи жабдықтар, ІТ-сыныптар, зертханалар, бейіндік кабинеттер, спорт және шығармашылық залдар, сондай-ақ инклюзивті білім беру элементтері қарастырылған, – дейді Ғани Бейсембаев.

Жоба еліміздегі мектеп тапшылығы мен үш ауысымды білім беру мәселесін шешуге бағытталған. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, бүгінде республика бойынша 150-ден астам мектеп үш ауысымда жұмыс істейді. Ал кейбір облыстарда оқушы саны мектеп мүмкіндігінен бірнеше есеге артық.

Сарапшылардың айтуынша, "Жайлы мектеп" жобасы жүзеге асқанда, үш ауысымды мектептер мен апатты жағдайдағы білім ошақтарының мәселесі 80 пайызға дейін шешіледі.


"Жайлы мектеп" қандай болуы керек?


Жаңа форматтағы мектептерде әр пәнге арналған жеке оқу кабинеттері болады. Сонымен қатар, санитарлық талаптарға сай асханалар мен әжетханалар қарастырылған.

Кең әрі жарық спорт залдар мен мәжіліс залдары жұмыс істеп, интерактивті тақталар, жаңа компьютерлер, робототехника кабинеттері орнатылады;

Оқушылар мен мұғалімдер үшін психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді.

Мұның бәрі оқушының тек білім алуына емес, оның жан-жақты дамуына, қауіпсіз ортада тәрбиеленуіне жол ашады.

"Жайлы мектеп" – бұл тек ғимарат салу емес, білімге деген жаңа көзқарастың көрінісі. Бұл жоба арқылы ел болашағы саналатын балаларымыз жайлы, қауіпсіз, заманауи мектепте білім алып, жаңа белестерді бағындыратын тұлға болып қалыптасады. Мемлекет осылайша әлеуметтік әділеттілікті, білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етіп отыр.

Жаңа мектеп – жаңа мүмкіндіктер алаңы. Ендігі кезекте оны тиімді пайдалану – ұстаздар мен ата-аналар, ең бастысы, оқушылардың қолында.

Серік БАЙНАЗАР