ЖЫЛЫ ЖҮЗДЕСУЛЕР ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ

ЖЫЛЫ ЖҮЗДЕСУЛЕР ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ

«Ақ жол» фракциясы Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментіне арнайы ат басын бұрды. Ситуациялық орталықтың жұмысымен танысып, соның ішінде, Бурабай маңындағы орман алқаптарында өрт қауіпсіздігін бақылау қалай жүзеге асырылатынын көрді. Кейбір ұсақ өрт жағдайлары тіркелгенімен, жедел сөндірілген.

Су айдындарындағы қауіпсіздік мәселелері де талқыланды. Өкінішке қарай, жазғы маусым басталғалы суға шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде қайғылы оқиғалар тіркелген. Осыған байланысты Төтенше жағдай департаменті құтқарушылардың жарақтандырылуы мен дайындығына, соның ішінде, жекеменшік жағажайлардағы қауіпсіздікке бақылауды күшейтіп жатқаны аталып өтілді.

Қазіргі мәселелерді талқылау барысында, цифрландыру жөніндегі тапсырмаларға қарамастан, төтенше жағдайлар кезіндегі ескерту жүйесінің әлі күнге дейін қолмен іске қосылатынына назар аударылды. Яғни, сигнал пультке түскен кезде ТЖД қызметкерлері жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметі, электр желілері мен газ қызметтеріне жеке-жеке телефон шалып, хабардар етуі қажет.

«Ақ жол» фракциясы көктемгі сессия барысында мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арасындағы өзара ықпалдастықтың жоқтығы жайында үш мәрте депутаттық сауал жолдады. Мұндай синхрондау болмаса, цифрландыру бюджет қаражатын игеруге ғана бағытталып, нақты процестерді жеңілдету мен жеделдетуге ықпал етпейтіні анық.

Сонымен қатар, облыстың шалғай жол учаскелерінде жол-көлік оқиғалары болған жағдайда көмек көрсету мәселесі де көтерілді. Сел қауіпсіздігі мен өткен жылғы жағдайлардан алынған сабақтарға ерекше назар аударылды.

Өкінішке қарай, биыл да кейбір елді мекендерді су басу оқиғалары тіркелді. Алайда, өткен жылғы тәжірибе мен алдын-ала жүргізілген дайындықтың арқасында ауыр зардаптардың алдын алуға мүмкіндік туды.

Көктемде «Ақ жол» фракциясы ТЖД басшылығымен бірге Макинск пен Бұланды аудандарына тасқын болардан бұрын барып қайтқан-ды. Сол кезде жергілікті жеке құрам құм салынған қаптарды алдын ала дайындап, қорғаныс дамбаларын тұрғызуға кірісіп жатқанын байқаған болатын Бір аптадан соң бұл дайындықтар қажетке жарады.

Ақмола облысы ТЖД қызметкерлері өз аумағындағы табиғи апатқа қарсы тұрып қана қоймай, көршілес Солтүстік Қазақстан облысына баратын тасқынның жолын бөгеуге де өз үлестерін қосты. Қызметкерлердің бір бөлігі тікелей СҚО-ға барып, әріптестеріне көмек көрсетті.

ТЖД-ның техникалық жабдықталуымен, бөлімшелер мен жеке құрамның орналасу орындарын қайта жаңарту барысымен таныстық. Су тасқыны кезінде көрсеткен ерлігі үшін құтқарушыларға алғысымызды білдірдік.

Түстен кейін Көкшетау қалалық сүт зауытында болдық. Кәсіпорын басшысы Ерсайын Жақсылықов – «Ақ жол» демпартиясының мүшесі, партиямыз атынан Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты. Ол бізді, әсіресе, «Көкшетау балмұздақтарымен» аты шыққан кәсіпорынның жұмысымен таныстырды.

Бүгінгі күні «Гормолзавод» өнімдері бүкіл Қазақстанға, ең алдымен жақын аймақтар мен Астанаға жеткізіліп жатыр. Басшылықпен бірге ассортиментті кеңейту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды талқыладық – мысалы, ірімшік сияқты сүт өнімдерінің ұлттық түрлерін, тұздалған және ысталған құрттың бірнеше түрін дамытуға Ғылым қорынан 200 миллион теңге грант алынғаны айтылды.

Кәсіпорын жұмысында бүгінгі таңда шикізат базасына ерекше көңіл бөлініп отырғаны атап өтілді. 90-жылдары қазақстандық сүт зауыттарының көпшілігі белорус және ресейлік құрғақ сүтпен жұмыс істеген болса, бүгінде мемлекет пен бизнестің мал шаруашылығын дамытуға күш салуының нәтижесінде бірқатар өңірлерде сүт зауыттары, соның ішінде Көкшетау қалалық сүт зауыты да таза сүтке көшкені мәлім болды. Оның шикізат құрылымында 60%-ы сүт фермаларынан жеткізілсе, тағы 40%-ы халықтан сатып алынады екен.

Сондай-ақ Ерсайын Жақсылықов бізбен көршілес Солтүстік Қазақстан облысында сүт-тауарлы фермаларды дамыту бағдарламасының сәтті жүзеге асып жатқанын бөлісті. Соның арқасында ондаған СТФ пайда болып, қайта өңдеуге арналған таза сүт мәселесі іс жүзінде шешілген. Шикізаттың сапасы мен көлемі саланың тұрақты дамуына жақсы негіз болып отырғаны да айтылды. Көкшетау қалалық сүт зауыты да 90-жылдары аумақтарды қайта қарау кезінде көрші облысқа өтіп кеткен жеке сүт фермасын дамытуда.

Ағасы Әрсен Жақсылықов мал басын көбейту және жем-шөп базасын, оның ішінде суармалы егін шаруашылығын кеңейту бағытында жұмыс жүргізіп жатқаны атап өтілді.

Зауытқа жасаған сапарымыз тиісті еуропалық құрал-жабдықтарды алуға көмектесіп жатқан швейцариялық MERZ Leasing компаниясының өкілі – директорлар кеңесінің төрағасы Клаус К. Мерцтің келуімен тұспа-тұс келді. Бұл кездесу шеңберінде шетелдік әріптестік пен технология трансфері мәселелерін де сөз еттік.

Кездесу барысында Е. Жақсылықов тамақ өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласындағы мемлекеттік саясатқа қатысты бірқатар сұрақтар мен тілектерін ортаға салды. Атап айтқанда, мемлекеттік органдардың өнімді өткізу фактісі бойынша ғана субсидия беру тәртібі кәсіпорындар үшін айналым қаражатының үзілуіне себеп болатынын, өйткені өндірістің шарықтау кезеңі өнімге деген маусымдық сұраныспен сәйкес келе бермейтінін бірге талқыладық – бұл мәселе балмұздақ, йогурт, сары май секілді өнімдерге қатысты.

Осыған байланысты субсидия төлеудің кешігуі алты айға дейін созылып, айналым қаражаты қоймада тұрып қалатыны айтылды. Салдарынан кәсіпорын өндірістік жоспарын қайта қарап, маусымнан тыс сұранысқа ие өнімдерді қысқартып, тек нақты уақытта өтімділігі жоғары ассортиментке басымдық беруге мәжбүр болып отыр.

Сонымен қатар, Ерсайын Жақсылықов субсидиялардың шектен тыс берілуі бизнес пен нарыққа кері әсер ететінін алға тартты. Оның ойынша, субсидияларды бөлу механизмінің ашық еместігі нәтижесінде нарықта тиімділігі төмен кәсіпорындар қолдау тауып, бұл өз кезегінде адал және табысты компанияларға әділетсіз бәсекелестік туғызады. Біз бұл пікірмен келісіп, бұл мәселенің экономика мен саланың дамуына кері әсер ететінін атап өттік.

Осыған байланысты әріптестеріміздің тиімді емес кәсіпорындарды тікелей қаржыландыру емес, нарықта әділ бәсекелестік пен шынайы баға белгілеуді қамтамасыз ететін орта қалыптастыру маңызды деген ұстанымын қолдайтынымызды жеткіздік. Бұл ұстаным Парламенттегі «Ақ жол» фракциясының басты қағидаттарына, біздің депутаттық сауалдарымыз бен бастамаларымызға сай келеді.

Жалпы, «Гормолзавод» бас директоры және «Ақ жол» партиясының депутаты Ерсайын Жақсылықовпен өткізілген кездесу барысында ол және ұжымы болашаққа сеніммен қарап, өз тәжірибесі мен кәсіби білімін негізге ала отырып, үздіксіз даму жолында жұмыс істеп жатқанын бөлісті.

Көтерілген мәселелерді жан-жақты пысықтау үшін 24/7 форматында тұрақты байланыста болуға келістік.

qazaquni.kz