Азат Перуашев Ақмола облысында болды

Азат Перуашев Ақмола облысында болды

«Ақ жол» фракциясының іс-сапары Ақмола облысында өз жалғасын табуда. Партияның Ұлттық кеңесінің мүшесі, «Ақ жол» Алматы қалалық филиалының төрағасы Олжас Нұралдинов және «Ақ жол» демпартиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Саят Сыздықовпен бірге әйгілі «Тыныс» машина жасау зауытында болды. Бұл кәсіпорынның ұзақ тарихы бар, талай дағдарыстардан сүрінбей өткен.

Зауытқа 2022 жылы оралған бас директор Қайрат Қалманбаев жағдайды түзетуге көп күш салды. Ол қысқа мерзімде кәсіпорынның миллиардтаған қарызын өтеп, тұтынушылармен және жеткізушілермен сенімді қарым-қатынас орнатты.

Бүгінгі таңда «Тыныс» қорғаныс саласындағы дәстүрлі өнімдерге қоса, жаңа бағыттарды белсенді түрде игеруде. Парашюттердің заманауи түрлері, соның ішінде жүк парашюттері шығарылатын Қазақстандағы бірегей өндіріс орны құрылды. Оқ өткізбейтін кеудешелерге арналған композиттық пластиналарды және әртүрлі қорғаныс санатындағы оқ өткізбейтін кеудешелердің өзі өндіріледі.

Шойын құю цехында бөгде ұйымдардың тапсырысы бойынша жоғары қысымды құю әдісімен ауыл шаруашылығы техникасына арналған бөлшектер мен қосымшалар шығарылады. Арнайы техникаға арналған әртүрлі агрегаттарды, оның ішінде микросұлбаларды, түрлі релелерді, датчиктерді және т.б. жөндеу және ағымдағы қызмет көрсету жұмыстары да

жүргізіледі. Көптеген бұйымдарды зауыттың жеке конструкторлық бюросы әзірлеп, өз сызбалары бойынша дайындайды.

Кәсіпорын пандемия кезінде үнді серіктестерімен бірге өкпені жасанды желдету құрылғыларын (ИВЛ) шығаруды игерді. Сол кезеңде мемлекеттік органдар бірнеше мың импорттық ИВЛ құрылғыларын сатып алғаны белгілі. Бірақ кейін олардың кейбіреулері компрессорсыз жеткізілгені белгілі болды. Ал, ол ИВЛ-дың негізгі блогын құрайды. Ал, шенеуніктер шетелдік компанияларға басымдық бергендіктен, 3 есе арзан бағамен толық жиынтықтағы ИВЛ өндірісін жолға қойған «Тыныс» зауыты (еске салайық, тыныс алу аппараттарын шығару кәсіпорынның негізгі профилі болған) жұмыссыз қалды.

Кәсіпорын басқа да заманауи техниканы игеруге дайын. Осылайша, қытайлық серіктестермен бірлесе отырып, автоматтандырылған металл өңдейтін станоктар өндірісі игеріліп, қолданыстағы жабдықтар жаңартылды.

«Тыныс» зауыты – халықаралық Airbus компаниясының сертификатына ие Қазақстандағы жалғыз зауыт.

Басшылықпен және ұжыммен тілдесу барысында қаржыландыру, мемлекеттік сатып алулардағы айла-шарғылар және т.б. бірқатар мәселелер көтерілді. Жақында «Ақ жол» фракциясының белсенді қатысуымен қабылданған «Тауардың шыққан елін анықтау туралы» заңды, атап айтқанда, өз-өзін дискриминациялаған CT-KZ сертификатынан бас тарту және өндірушілердің тізіліміне көшу мәселелері де талқыға түсті.

Қайрат Қалманбаев отандық өндірушіні анықтаудың негізгі критерийі технологиялық операцияларды меңгеру болуы керек деген шешімді қолдайтынын жеткізді.

Бұл ретте ол өнім өндіруге қажетті материалдарды алу, энергия шығындары мен мәлімделген өндірісті игеруге құзыретті мамандардың болуы көрсеткіштерін енгізу қажет екенін айтты.

Бұл тақырыптар жақында оның қатысуымен өткен машина жасаушылар форумында талқыланған болатын. Қ. Қалманбаев «Ақ жол» фракциясына отандық машина жасаушылардың мүдделерін, оның ішінде сол форумда мемлекеттік органдармен пікірталас кезінде белсенді ілгерілетіп отырғаны үшін алғыс айтты.

Басқосу барысында тиісті ұсыныстардың жазбаша түрде жолдануы сұралды. Аталмыш ұсыныстар отандық тауар өндірушілердің тізілімін енгізу барысында ескеріледі. Өйткені оған қойылатын егжей-тегжейлі талаптар заңнамалық актілерде айқындалады.