ТҮРКІСТАН: «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» БАҒДАРЛАМАСЫ ТҰРАҚТЫ ЖАЛҒАСУДА
2025 ж. 22 шілде
255
0

Түркістан облысына қарасты аудан, қалаларда «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында жүйелі жұмыстар жалғасып келеді. Өткен аптада облыс көлемінде 215 арнайы тазалық шарасы ұйымдастырылған. Оған қоса Шардара жағажайы аумағын ретке келтіру шаралары жүзеге асты. Бұл бағыттағы мәселелер Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық мәжілісте талқыланды.
Жиналыста облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов бағдарлама аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар мен жағажай аумағында атқарылған рейдтік, тазалық шаралар легін баяндады. Оның сөзінше, «Таза Қазақстан» бағдарламасы тұрақты бақылауда, ал демалыс аймақтарында анықталған кемшіліктер бойынша жұмыстар жалғаспақ.
Өткен аптада облыс көлемінде 215 тазалық шарасы өтіп, оған 5759 адам қатысқан. Жалпы 182 қоқыс шығарылды. Шардара жағажайы аумағында анықталған кемшіліктер бойынша рейдтік жұмыстар атқарылды. Қазіргі таңда жалға берілетін сәкілердің орны 50 метрге жылжытылып, арнайы қауіпсіздік белгілері орнатылған. Тазалық және қауіпсіздік шаралары толық тексерістен өтуде.
Сонымен қатар «Қазсушар» РМК тарапынан су қойма жағасында заңсыз орналасқан кәсіпкерлерді тексеру бойынша құзырлы органдарға арыз берілді. Полиция департаменті тарапынан 6 кәсіпкерге айыппұл салынып, жалпы 196 құқықбұзушылық анықталып, айыппұл салынды. Бүгінде облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 6 демалыс орнына тексеру жұмыстарын жүргізуде. Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан 36 хаттама толтырылды. Сондай-ақ жағажай аумағына 16 құтқарушы бекітіліп, қауіпсіздік белгілері орнатылды. Бұдан бөлек, жағажай аумағында 15 автокөлік айыптұраққа қойылды.
Мониторинг жұмыстарына сәйкес жағажайда жалпы 409 сәкі анықталды. Оның 282-сі жеке кәсіпкерлердің меншігінде болса, қалған 111-і жеке тұлғаларға тиесілі. Мұнда киім ауыстыратын орын мен әжетхана қарастырылмаған. Жоғарыда аталған кемшіліктер бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, толығымен қалыпқа келтірілді. Бұл бағыттағы іс-шаралар жалғасады.
Жиын соңында аймақ басшысы Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысының тапсырмасы – «Таза Қазақстан» бағдарламасын маңызға алып, жауапты мамандарға бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.