Маңғыстауда республикалық жас ақындар айтысы өтті
2024 ж. 15 қараша
191
0
14 қарашада Маңғыстау облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының тапсырысымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» қолдауымен, Жыр-жебе» ақындар мектебі қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Түмен Балтабасұлының 140 жылдығына арналған «Маңғыстау - Пір Бекеттің туған жері» республикалық жас ақындар айтысы өтті.
Айтысқа Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Сара Ноғаева, мәдениет саласының өкілдері, Басқұдық ауылының ақсақалдары мен тұрғындары, БАҚ өкілдері қатысты.
Аламан додада талай айтыстарда топ жарып, сөзден сүрінбеген «Жыр жебе» ақындар мектебінің шәкірттері Жанболат Алиев, Бейбіт Байжігіт, Алшын Суемов, Ердәулет Сардар, Ербол Жұмахан, Нұрсұлтан Оңғарбаев, Әли Сәрсен және Қызылгүл Сейдуллаевалар өнер көрсетті.
Сондай-ақ айтыстың оралдық аққуы Жансая Мусина, алматылық сері Райымбек Өтепов, Атыраудың дарабозы Ернұр Исахаев және астананың сұлуы Ақбота Манарбекқызы сынға түсті.
Дүбірлі додаға «Құрмет» орденінің иегері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтыскер ақын Мэлс Қосымбаев, Айтыскер ақын “Алтын домбыра” иегері Балғынбек Имашев, ҚР Мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын Нұрлан Мұсаев, ҚР Мәдениет саласының үздігі, мәдениет қызметкері Асқар Көшеров және ақын Жандос Демесін қазылық етті.
Айтыста ақындар Маңғыстаудың абыз-жырауларының, билер мен батырларының елдік жолындағы ерлік істерін мадақтап қарсыласына қолма-қол жауап бере отырып, бір-біріне өткір сұрақтар қойып, ұтымды жауаптар қайтарып, айтыс сүйер қауымның көңілінен шығып, көрермендерді желпіндіріп отырды.
Нәтижесінде, Бас жүлдені оралдың аққуы, азулы айтыскер Жансая Мусина (500 000 тг) қанжығасына байласа, І орынды Ақтаудың серісі Бейбіт Байжігіт (300 000 тг) еншіледі. ІІ орынды бейнеулік айтыскер ақын Нұрсұлтан Оңғарбаев (200 000 тг) алса, ІІІ орын ақтаулық айтыскер Алшын Суемовке (100 000 тг) бұйырды.
Ал Қарақияның баптап қосқан айтыскерлері Жанболат Алиев пен Әли Сәрсен, Мұнайлының гүлі Қызылгүл Сейдуллаева, ақтаудық айтыскерлер Ердәулет Сардар мен Ербол Жұмахан, Астананың сұлуы Ақбота Манарбекқызы, алматылық сері Райымбек Өтепов, атыраудың дарабозы Ернұр Исахаев (әрқайсысы 50 000 теңгеден) айтыстың арнайы сыйлығын алды.