ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫДА АУДАННЫҢ 60 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ДҮРКІРЕГЕН ТОЙ ӨТТІ
2024 ж. 15 қараша
47
0
Темірланда Ордабасы ауданының 60 жылдығы тойланды. Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішев, аудан әкімі Азат Оралбаев, сонымен қатар зиялы қауым өкілдері мен депуттар, аудан тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Алдымен құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары аудан тұрғындарына ыстық лебізін жеткізді.
– Татулықты ту еткен, қазақ халқының бірлік символына айналған аудан халқын осы мерейлі сәтпен құттықтаймын! Дегенмен, Ордабасының тарихы 60 жыл емес, көне замандарға, жүзжылдықтарға жетелейтінін бәріміз білеміз. Бұл өңір жұртшылығы жомарттығымен, салт-дәстүрге беріктігімен ерекшеленеді. Тарихтан белгілі, қазақ-жоңғар шайқасы кезінде көш бастаған ерлер мен билер Ордабасы тауында бас қосып, ел бірлігін бекемдеген. Жауға қарсы күш біріктіріп, жеңіске жол ашқан. Қазіргі таңда, Ордабасы ауданы барлық бағытта дамудың жаңа белесіне көтерілген, облыс экономикасына өзіндік үлесі мол өңір ретінде өркендеп келеді. Ендеше, ордабасылықтарды мерекемен құттықтаймын! Тектілер туған өлкеміз өркендеп, мәртебесі биіктей берсін! – деді облыс әкімінің орынбасары.
Дүбірлі той барысында айтулы белесті жетістікпен бағындыруға еңбек сіңірген азаматтарға мерекелік медаль табысталды.
«Алтын күзден» бастау алған іс-шара ауылшаруашылық өнімдері мен техникалары, қолөнер бұйымдарының көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Ұлттық-мәдени орталықтар келушілерге құшақ ашты. Қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев қазақ рухының қағбасына теңеген қасиетті өңірді мерейлі мерекесімен құттықтауға ауданнан қанаттанып ұшқан ардақты азаматтар да ағылды.
Тарих тереңінен сыр шерткен сахналық қойылым Ордабасы жерінің бар қасиеті мен киесін паш етті. Күміс көмей әншілер, күйшілер мен бишілер де бұл тойда аянып қалмады. Эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасы мерекенің шырайын ашып, Ордабасы жұртшылығына керемет көңіл-күй сыйлады. Ордабасылықтардың дүркіреткен бұл тойы мерекелік от шашумен аяқталды.
Айта кетейік, Ордабасы ауданы әкімшілік аумақ ретінде Бөген атауымен 1964 жылғы 3 наурызда құрылған. 1988 жылы Бөген ауданы Арыс ауданының қарамағына кірген. Содан соң 1989 жылы Арыс қаласынан енші алып шығып, дербес аудан атанды. Ал 1993 жылы ауданға Ордабасы атауы қайтарылды. Сол жылы қасиетті тауда Тәуелсіздікті, ел бірлігін ұлықтаған ұлы жиын өтті. 1997 жылы Ордабасы тауының биік тұсына 30 метрлік зәулім монумент орнатылды. Ол ескерткіште ұлы хандарымыз бен билеріміздің, батырларымыз бен тұтас қазақ халқының арманы мен мақсаты бейнеленген.