ТҮРКІСТАНДА НҰРТАС ОҢДАСЫНОВТЫҢ ТАРИХИ БОЛМЫСЫ АШЫЛҒАН КОНФЕРЕНЦИЯ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

ТҮРКІСТАНДА НҰРТАС ОҢДАСЫНОВТЫҢ ТАРИХИ БОЛМЫСЫ АШЫЛҒАН КОНФЕРЕНЦИЯ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінде қазақтың біртуар азаматы, ұлтымыздың аса көрнекті қайраткері Нұртас Оңдасыновтың туғанына 120 жыл толуына арналған «Қазақстан және Нұртас Оңдасынов құбылысы: Мәдени талдау аспектісі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясының ашылу салтанаты өтті.

Республика күні қарсаңында ҚР Түркістан облысының әкімдігі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, «Нұртас Оңдасынов» қоғамдық қорының қолдауымын өткен шараны университет ректоры Жанар Темірбекова жүргізіп, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, қайраткердің экономиканы, ғылымды дамыту үшін атқарған өлшеусіз қызметіне тоқталып, ұлтқа еңбегі сіңген ұлы тұлғалардың мұрасын насихаттау игі іс екенін жеткізді.

– Алдыман баршаңызды келе жатқан Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Биыл ұлтымыздың аса көрнекті қайраткері, ел басына күн туған шақта, аса қиын кезде ел басқарған, қайраткерлік танытқан Нұртас Оңдасыновтың туғанына 120 жыл толып отыр. Осы айтулы сәтте Нұртас Дәндібайұлының туған жері, Түркі әлемінің төрі – Түркістанда сіздермен жүздесіп тұрғаныма қуаныштымын. Түркістанның ойшылы, Түркі әлеміне ортақ тұлға Қожа Ахмет Ясауидің «Халқыңа қызмет ет, Ізгілерге ізет ет, Жаны жақсы жайсаңдарға құрмет ет!» деген қанатты сөзі бар. Нұртас Дәндібайұлы осы құрметке барынша сай тұлға. Киелі Түркістан өңірінде ел азаматының есімі ұлықталып келеді. Тұлғаның атында музей бар, білім ұясына, көшеге есімі берілген. Қайраткердің еңбегі мәңгі ел есінде қалады. Бүгінгі конференцияда ғалымдарымыз, зиялы қауым өкілдері тұлғаның саяси, рухани, тарихи болмысын ашып, тың деректер тарихи айтылады деп сенемін! – деді облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы.

Аталған шараға елімізге танымал қоғам қайраткерлері, жазушы, ғалымдар, тарихшылар, ардагерлер, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, белсенді жастар жиналды.

Ауқымда іс-шарада ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын Қазыбек Иса, Жазушылар одағының мүшесі, «оңдасыновтанушы» Гүлсім Оразалиев және тағы басқа спикерлер сөз сөйлеп, Нұртас Оңдасыновтың тұлғалық және кәсіби қасиеттеріне, келешек ұрпаққа қалдырған мол мұрасының құндылығына тоқталды.

Сонымен қатар шара барысында Нұртас Оңдасыновтың өмір жолы, ел үшін аянбай атқарған қызметтері, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі, ерен еңбегі туралы баяндамалар оқылды.

Конференция алдымен жалпы пленарлық отырыстан басталып, әрі қарай 4 секция бойынша жалғасып жатыр.

Пленарлық отырыстан соң, Мәдениет орталығының алаңына шынар ағашын отырғызу рәсімі ұйымдастырылды.

Қонақтар шара соңында Түркістан қаласының туристік орындарын аралап, қаланың даму барысымен, сәулетімен танысады.

Айта кетейік, Нұртас Оңдасынов – мемлекетімізді нығайтуға үлес қосқан тарихи тұлға. Ол аса күрделі кезеңде ел басқарып, көптеген игі бастамаларға ұйытқы болып, халқының мүддесін бәрінен биік қойып, экономика, білім-ғылым, мәдениет саласында ауқымды өзгерістер жасап, қиын кезеңнен кейін елімізді дамытуға, ұлтымыздың еңсесін тіктеуге өлшеусіз еңбек сіңірді.