«Жыр-жебе» шәкірттері республикалық айтыстың жолдамасын сарапқа салды

«Жыр-жебе» шәкірттері республикалық айтыстың жолдамасын сарапқа салды

22 қазанда Маңғыстау облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының тапсырысы негізінде «Жыр – жебе» ақындар мектебінің жас ақындарын шыңдау әрі қолдау үшін ІРІКТЕУ ЕМТИХАНЫ өтті. 

Іріктеу емтиханның мақсаты Маңғыстау облысының 4 жас айтыскер ақынын республикалық ақындар айтысына қатысуды қамтамасыз ету.

Айтыс өнерін жіті білетін, кәсіби тәжірибесі бар, айтыс өнерінде танымал тұлға Нұрлан Мұсаев, Марат Ахметов, Фархад Мұсаев, Талғат Мықилардан құралған комиссия құрамы жас айтыскер ақындардың өнерін бағалап, үздіктердің үздігін анықтады. 

Емтихан барысында айтыскерлер алдымен айтыс өнерінің тарихынан, айтыскерлер мен абыз-жыраулардың шумақтары мен мақамдарынан, билер мен батырлардың қызметтік жолы мен еңбектері жөнінде дайындалған сұрақтарға жауап берді.

Оза шапқан 8 ақын іріктеу емтиханының екінші айналымына шықты. Бұл айналымда комиссия құрамы жас айтыскерлерді төрт-төрттен бөліп, топтық айтыс ұйымдастырды. 

«Біз әрбір айтыскердің біліміне, өлең ұйқасына, суырыпсалмалық қасиетіне, көркем теңеуіне, ұтымды әрі ұшқыр сөз орамдарын мақамға салуына және астарлы сөздерді орынды қолдануы мен домбыраны қағу ерекшелігіне аса назар аударып, жеңімпаздарды анықтадық», - дейді комиссия мүшелері.

Емтихан қорытындысы және комиссия құрамының шешемімен Жолдас Қуаныш, Алиев Жанболат, Сейдуллаева Қызылгүл, Сардар Ердәулет Республикалық ақындар айтысының жолдамасын иеленді.