Маңғыстауда жас айтыскерлерге арналған шеберлік сағаты өтті

Маңғыстауда жас айтыскерлерге арналған шеберлік сағаты өтті

22 қазанда «Жыр-жебе» ақындар мектебі қоғамдық қоры Маңғыстау облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының тапсырысы негізінде айтыс жанрымен айналысып жүрген талантты жастарға қолдау көрсетуге арналған жобасы аясында екі шеберлік сағатын өткізді.

Шеберлік сағатқа «Жыр-жебе» ақындар мектебінің шәкірттері, сондай-ақ, арнайы қонақтар Қазақстанның Мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын Нұрлан Мұсаев, «Айтыс» методикалық кітабының құрастырушысы, айтыскер және поэзия ақыны Фархад Мұсаев және мәдениет саласының өкілдері қатысты.

Бірінші шеберлік сағатты ҚР мәдениет саласының үздігі, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының Ақтөбе облыстық филиалы төрағасы, Республикалық ақындар айтысының жеңімпазы, ақтөбелік айтыскер МАРАТ АХМЕТОВ жүргізді. 

Сөз шебері Марат Ахметов жас айтыскерлерге «Айтыстағы жыраулық сарын» тақырыбы аясында сабақ өтті. Сабақтың басында жыраулық үлгіде амандасып, бір арнау өлеңімен бастады. 

Мұнан соң «Жырау» деген не?, - деген терминге назар аударып, жыраулық сарынға түсініктеме береді. Сондай-ақ айтыстағы жыраулық стильді қолдану, айтыскерлердің айтыста жыраулық сарынды қолданатын тұсын, оның түп тарихы төңірегінде әңгіме өрбетті. 

Ал екінші шеберлік сағатты Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР мәдениет саласының үздігі, оралдық айтыскер ТАЛҒАТ МЫҚИ жүргізіп, “Айтыстағы батыс мақамдарына” тоқталды.

Шеберлік сағатының қонағы Талғат Мықи таңдаған тақырыбы төңірегінде сөз қозғап, айтыста мақамның алар орны мен маңыздылығын түсіндіріп берді. Қазақ ақындары сахнаға алып шыққан бірқатар айтыс мақамының тарихы жөнінде мәліметтермен бөлісіп, сол мақамдарды аудиодан тыңдатты. 

Әсіресе батыс аймақ ақындары мақамдарының ерекшелігіне тоқталды. Жас ақындарға бұрын үлкен сахнада орындалмаған Бауыржан Халиолланың «Кәти-Шәки» деп аталатын авторлық мақамын домбырада орындап берді.

Шеберлік сағат барысында «Жыр-жебе» шәкірттері көкейдегі сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды.