Нұр-Сұлтан мен Алматы вирус жұқтыру саны бойынша "сары аймаққа" жақындады – Денсаулық сақтау министрлігі
2022 ж. 30 маусым
1156
0
Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары коронавирус жұқтыру дерегі бойынша "сары" аймаққа жақындағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Бүгінде эпидахуал нашарлап келеді. Әзірге қосымша немесе жаңа шектеу енгізілмейді, себебі басқа облыстар бұрынғыдай "жасыл" аймақта. Алайда Нұр-Сұлтан мен Алматы эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша "сары" аймаққа жақындады", – деді Есмағамбетова.
Оның сөзінше вирус жұқтыру деректері маусымның ортасынан бастап көбейген.
"Бастапқыда тәулігіне 50 дерек тіркелді, ал 28 маусымда вирус жұқтырғандар саны 110-ға жетті. Егер апталарды салыстырсақ, вирус жұқтырғандар саны 3,6 есеге көбейген. Негізінен Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында ауру жұқтыру дерегі көп. Эпидемиологиялық зерттеу кезінде ауырғандардың 80%-ы вакцина мүлде алмаған немесе ревакцинациядан 6 айдан артық уақыт өткендер екенін анықтадық", – деді вице-министр.
Бас санитар дәрігер барлық карантин шараларының алынып тастағанына қарамастан, вакцинациялау мен ревакцинациялаудың жалғасып жатқанын мәлімдеді.
"Бүгінгі таңда бірінші компонентін тұрғындардың 56%-ы алған. 4,8 миллион адам ревакцинациялаудан өтті", – деп қосты ол.