Ресейлік әйел 5 жыл бойы Қазақстаннан зейнетақы алып отырған
2022 ж. 09 маусым
1144
1
Қазақстаннан 5 жылдан астам уақыт бойы заңсыз зейнетақы алып келген ресейлік әйел анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, көші-қон қызметінің мамандары Өскеменде қос азаматтық фактісін анықтады.
64 жастағы әйел 17 жыл бұрын Ресей азаматтығын алған. Алайда Қазақстанда тұрған ол 5 жыл бойы осы елден зейнетақы алып жүрді.
«Қазақстандық құжаттарды пайдаланғаны үшін құқық бұзушыға ҚР ӘҚБтК-нің 496-бабы бойынша 100 АЕК, яғни 153 150 теңге сомасында айыппұл салынды. Қазіргі уақытта одан қазақстандық құжаттар тәркіленіп, ел азаматтығынан айырылды. Сондай-ақ заңсыз алынған ақшаны қайтару мәселесі қарастырылып жатыр», - деді облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары Елдос Закимов.
Жыл басынан бері өңір аумағында қос азаматтығы бар 35-тен астам адам анықталған.