Референдум арқылы Конституцияның 33 бабына 56 өзгеріс енгізіледі
2022 ж. 12 мамыр
1069
0
ҚР Конституциясына барлығы 56 өзгеріс енгізілгелі отыр. Бұл туралы Әділет вице-министрі Алма Мұқанова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Референдум нәтижесінде Конституцияның 33 бабы бойынша 56 өзгеріс енгізілмек. Егер оның әрқайсысын жеке сауал ретінде қарастырсақ, әр азаматқа жеке 56 бюллетень керек. Яғни әр азамат 56 бюллетенді оқып, бөлек-бөлек дауыс беруіне тура келеді. Бюллетенде 1 ғана сауал болудың себебі Конституцияға енгізілетін өзгерістер бір-бірімен тығыз байланысты және ұқсас. Егер азамат бір өзгеріске қарсы шықса, ол екінші өзгеріске әсерін тигізеді. Ал енгізілмек өзгерістер бір-бірімен ұштасып жатыр», - деді Алма Мұқанова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ вице-министр қазақстандықтарды референдумға белсенді қатысып, ел тағдыры үшін маңызды шешімді бірге қабылдауға шақырды.
«Әрине, әр азаматтың өзгерістермен келісуі немесе оған қарсы шығуы өз таңдауында. Ең бастысы, шешімді ой сүзгісінен өткізіп барып қабылдаған жөн. Біз демократиялы елде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан таңдау еркі болуы қажет», - дейді ол.
Бұған дейін Алма Мұқанова референдумға қатысатын қазақстандықтардың тізімі жасақталып жатқанын айтты.
Егер референдумда 17 өңірдің 11-індегі халық жақтап дауыс берсе Конституцияға өзгеріс енгізіледі.