Қазақстанда инфляция соңғы алты жылда бірінші рет 12% дейін көтерілді
2022 ж. 12 сәуір
898
0
Наурыз айында инфляцияның жеделдеуі 2016 жылдан кейінгі рекордты көрсетті. Бұл туралы ҚР Ұлтық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Наурызда Қазақстанда инфляция 8,7%-дан 12%-ға дейін жеделдеп, 2016 жылғы қыркүйектен бері ең жоғары көрсеткішке жетті. Азық-түлік тауарлары инфляцияға ең көп үлес қосты, олардың өсімі 10%-дан 15,4%-ға дейін жеделдеді. Орамжапырақ, қант, картоп, қызанақ бағасының айтарлықтай өскені байқалды», - деді Ұлттық банк төрағасы Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Наурыздың төртінші аптасының қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы жылдық көрсетуде 18,6%-ға дейін өскен. Бұл өсімге наурыздың екінші аптасында жекелеген азық-түлік тауарларына сұраныстың артуы айтарлықтай үлес қосты. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының апталық өсуі наурыздың соңғы аптасында – 1,3%, сәуірдің бірінші аптасында – 0,9% болып тұрақтап жатыр.