Досаев "Ақ жол" демпартиясының микрокредиттер бойынша артық төлемдерді шектеу ұсынысын қолдады
2021 ж. 30 желтоқсан
1559
0
ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қорытындысы бойынша шағын несиелер бойынша үстеме төлемнің шекті көлемін 50 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін төмендетуді қолдады, деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.
«Азаматтардың борыштық жүктемесін одан әрі азайту мақсатында Ұлттық Банк агенттіктің күнтізбелік 45 күнге дейінгі мерзімге микрокредит бойынша артық төлемнің шекті сомасын 50 АЕК-тен аспайтын сомада екі есе азайту туралы ұсынысын қолдайды, яғни, микрокредит беру шартының барлық әрекет ету мерзіміне берілген микрокредит сомасының 100%-дан 50%-ға дейін төмендету», - деді Досаев «Ақ жол» фракциясы депутаттарының сауалына жауап бере отырып.
Осы мәселеге қатысты "Ақ жол" партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев та пікір білдірді.
- Ұлттық Банктің төрағасы Ерболат Досаев "Ақ жол" демпартиясы депутаттарының микрокредит бойынша 50 пайызға дейін артық төлеуді шектеу туралы ұсынысын қолдады. Бұған дейін бұл ұсынысты Қаржы нарығын реттеу жөніндегі агенттік қолдаған болатын. Меморгандардың халық пен шағын және орта бизнестің қарызын төмендетуге арналған біздің ұсыныстарымызды осылай бірауыздан қолдауы өте сирек болатыны өкінішті. Бұл қолдауды "алғашқы қарылғаш" деп үміттенейік, - деп жазды Азат Тұрлыбекұлы өзінің телеграм каналында.
Еске сала кетейік, бұған дейін "Қазақ үні" ақпарат агенттігінде «Ақ жол» микроредиттік ұйымдардың халықты тонайтын пайыздарын реттеуді талап етті" атты депутаттық сауал жарияланған болатын.
Онда микрокредиттік ұйымдарды негізгі құқықтық реттеу 2019 жылғы шілдеде ғана, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңмен енгізілгені айтылған. Осы Заңға сәйкес Уәкілетті орган онлайн компанияларға бақылау және қадағалау енгізді (шарттың мазмұнына қойылатын талаптар, борышкерді қорғау және т.б.). Бұдан басқа, тиімді сыйақы мөлшерлемесін 56% шегінен асырмау туралы міндетті талап енгізілген еді. Алайда, бұл шектеулер 50 АЕК (айлық есептік көрсеткіштен) (145 800 теңге) аспайтын сомаға, 45 күнге дейінгі мерзімге берілетін микрокредиттерді қамтыған жоқ, - делінген болатын.
- Осылайша, азаматтар 145 мың теңге көлемінде кредит алып, қарызға белшесінен батып отыр. Әрі мұндай жағдайлар бүкіл ел бойынша, әсіресе, қазіргі кезде өте көп. Негізінен, мұндай қарыз түріне халықтың әлеуметтік осал бөлігі жүгінеді, олар, көбінесе тұрмыстық мақсатта, тұрғын үйге немесе емделуге кредит алуға мәжбүр. Мұндай микрокредиттер бойынша жылдық тиімді мөлшерлеме 2333 %-ға (пайызға) дейін жетеді, - деді "Ақ жол" фракциясының депутаттары сауалда.
Міне, жауапты мемлекеттік органдар "Ақ жол" партиясының ұсынысын қолдағаннан кейін, мәселенің ары қарайғы шешілуі енді Мәжіліс пен Сенаттың құзіретінде. "Ақ жол" фракциясы депутаттарының бастамасы ары қарай да қолдау тапса, миллиондаған азаматтарымыз бен шағын кәсіпкерлік өкілдеріне үлкен көмек болатынына сенімдіміз.