Бүгін тарихи күн - Ұлы көшке 30 жыл
2021 ж. 18 қараша
1274
1
1991 жылдың 18 қарашасында шетелдегі этникалық қазақтарды Қазақстанға көшіру туралы ҚазССР Үкіметінің қаулысы қабылданған болатын. Бүгін сол тарихи шешім шыққан күнге 30 жыл толып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Күні кешегі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ұлы көш датасын күнтізбеге енгізуді тапсырған болатын.
«Ұлы көш 1991 жылы басталды. Бұған Елбасының тапсырмасымен Қазақ КСР Министрлер кабинеті қабылдаған №711 қаулы ресми түрде жол ашты. Бұл құжат 1991 жылғы 18 қарашада қабылданды. Көп ұзамай Елбасы «Алыста жүрген ағайынға ақ тілек» атты Жолдауын жариялап, шеттегі қандастарымызды елге шақырды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев сол шарада.
Мемлекет басшысының мәліметі бойынша, содан бері 1,5 миллионнан астам қазақ тарихи отанына қоныс аударған.
«Бүгінде олар егемен елімізді өркендетуге өз үлесін қосуда. Солардың ішінде Ауыт Мұқибек және тағы басқа қоғам қайраткерлері Ұлы көштің тарихи рөлін ескеріп, арнайы күн белгілеу қажеттігін айтып жүр. Үкіметке осы тарихи датаны атаулы күндер күнтізбесіне қосу мәселесін жан-жақты қарастырып, тиісті ұсыныс енгізуді тапсырамын», - деді Президент.