Азат Перуашев Ұлттық қордан алынған қаржыны тиімді жұмсау керектігін айтты
2021 ж. 20 қазан
1795
0
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022 – 2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасы мақұлданды.
Талқылау барысында Мәжіліс депутаты Азат Перуашев «Ақ жол» демократиялық партиясы он жыл бойы Ұлттық қор қаражатымен тым еркін қарым-қатынасты шектеуге шақырып келгенін айтты.
– Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында Ұлттық қорға түсімдер 3 есеге қысқарды (2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда), дегенмен биылғы жылы мұнай бағасы көптеген жылдармен салыстырғанда рекордтық көрсеткішке жетті. Есеп комитетінің ақпараты бойынша, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында Ұлттық қордың шығыстарының көлемі түсімдерден асып түсті. Біз өзге адамдардың, яғни, әлі өмірге келмеген ұрпақтың ақшасын жұмсап жатырмыз, - деді ол.
Депутаттың сөзінше, Есеп комитетінің тексерулерінің нәтижелері бойынша 1 трлн теңге бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылғаны анықталды.
– Құрметті аудиторлар мен тәртіп сақшылары, енді осындай істер үшін жай соттап ғана қоймай, бәлкім, жауаптылардың қолдарын шауып тастау керек шығар. Образды түрде айтқанда, әрине, - деді А. Перуашев.