Қазақстанда ет қымбаттауы мүмкін – министр
2021 ж. 18 қазан
1519
0
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев ет бағасына қатысты өз болжамын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ет өнімі көлеміне тоқталсақ, Қазақстанның ауыл шаруашылығы кешені жалпы етке сұранысты 100 пайыз толық қамтып отыр. Оның ішінде сиыр еті бойынша – 97 пайыз, қой етін – 100 пайыз, жылқы еті – 97,5 пайыз өз-өзімізді қамтып отырмыз. Ішкі нарықтағы етке сұраныс толығымен өзіміз өндіретін көлеммен жабылып отыр. Шетелден импортталатын ет көлемі аса көп емес», - деді министр орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің айтуынша, ет бағасы өсуі ықтимал деген болжамдар бар.
«Биыл өздеріңіз көріп отырғандай жемшөп бағасы да өсіп отыр, сол үшін ет бағасы қымбаттауы ықтимал. Себебі ет өндіретін шаруа қожалықтары да өз шығынын жабуы керек. Қатты өсім болмайтын шығар деген үміттеміз. Ең бастысы - еттен тапшылық болмайды, себебі малдың да басы өсіп жатыр, ірі қара малды алсақ, 3,6 пайыз өсім бар. Негізінен ет көлемі жеткілікті болады», - деп түсіндірді Ауыл шаруашылығы министрі.
Бұған дейін Е. Қарашөкеев қуаңшылықта Маңғыстау мен Қызылорда облыстарына қандай көмек көрсетілгенін айтқан еді.