ӨКПЕСІ 90 ПАЙЫЗ ЗАҚЫМДАНҒАН АЗАМАТ ҚАУІПТІ ІНДЕТТІ ЖЕҢІП ШЫҚТЫ
2021 ж. 29 қыркүйек
1383
0
Шымкент қаласының 55 жастағы тұрғыны Ғалымжан Сыздықбек коронавирустың ауыр түрін жеңіп шықты.
Екі өкпесі қабынған азамат 7-ші қыркүйек күні Асар шағынауданындағы жұқпалы аурулар орталығына жедел жәрдем көлігімен ауыр халде жеткізілген. Дәрігерлер ер кісінің жағдайының ауыр болуына байланысты оны жансақтау бөліміне жатқызған.
Медицина мамандары науқасқа өкпенің компьютерлік томографиясын жасап, қос өкпесі қабынғанын анықтаған. Бұған қоса коронавирус инфекциясы оң нәтиже көрсеткен. Компьютерлік томография нәтижесінде өкпесінің 90-пайызы зақымдалғаны анықталып, сатурациясы 80-ге дейін төмен болған. Жансақтау бөлімінде науқас өздігімен дем ала алмай, аппаратқа қосылған.
– Түскен кезде жағдайы өте ауыр болды. Сатурациясы 80-ге дейін түсіп кеткен. Кт-да 90-пайыз өкпесі зақымдалғанын көрдік. Жансақтау бөлімінде антикогулянтты, вирусқа қарсы, антибактериялды ем алды. Сонымен қоса НИВЛ аппаратына қосылды. Динамикалық емнің арқасында қайта КТ-нәтижесінде өкпе қабынуы 40-пайызға дейін төмендеді. Қазір жағдайы жақсы, палатаға ауыстырдық, – дейді инфекционист-дәрігер Бекзат Бегасылұлы.
Коронавирустың ауыр түрін жеңіп шыққан азаматтың қазір денсаулығы жақсы. Жағдайы жақсарған азаматты дәрігерлер үйіне шығармақ.