Қазақстанда БАҚ өкілдерін қолдауға арналған шаралар қабылданады
2021 ж. 27 қыркүйек
990
0
Елімізде БАҚ жұмысы мен сала мамандарын қолдауға арналған бірқатар шаралар қабылданбақ. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«БАҚ өкілдерін қолдау шаралары қабылданады, ол өз кезегінде медианың дамуына оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Атап айтқанда, тілшілерге талап қою (сотқа арыздану) мерзімін 1 жылға дейін қысқарту қарастырылып отыр. Қазіргі уақытта тілшілерге талап қою мерзімі шектелмеген. Осы орайда 1-2 жылдан кейін, тіпті 10 жылдан кейін де БАҚ-тағы фактілерді теріске шығару талабымен арыз берілгеніне куә болдық. Бұл БАҚ жұмысы үшін айтарлықтай кедергі», - деді К. Ойшыбаев.
Сондай-ақ, вице-министрдің сөзіне сенсек, төтенше жағдай кезінде және қауіпті жерлерде жұмыс істеген БАҚ өкілдерінің әлеуметтік мәртебесін анықтау бойынша жеке жұмыс жүргізіледі.
«Сонымен қатар, елімізде БАҚ-тың жекелеген түрлерін тіркеуді оңтайландыру бойынша ұсыныстар әзірленіп жатыр. Бұл ретте БАҚ алдағы уақытта да қолжетімді, тексерілген ақпарат көзі және аудитория сеніміне ие болуы тиіс. Және заң аясында белгіленген стратегияға сай жұмыс істеуі тиіс. Бір сөзбен айтқанда, ақпарат тарату тәсілі, технологиясы мен құралы қаншалықты өзгерсе де, біздің басты қағидаттарымыз өзгеріссіз қалады. Ол дегеніміз - ақпарат берудегі жеделділік, анықтық және конструктивтілік», - деп түйіндеді министр орынбасары.
Бұған дейін К. Ойшыбаев отандық медиа нарыққа өлшем жасалып жатқанын айтты.
Оның айтуынша, медиа тұтынушыларды көбінесе қандай контенттер қызықтырады және оны қайдан тауып қарайтыны анықталмақ.
Айта кетсек, министр орынбасары «Astana Media Week – 2021» медиа апталығы аясындағы «Медианы дамыту стратегиясы» атты дөңгелек үстел барысында баяндама жасады.