Түркістан облысында мұғалімдер гольф алаңын тазартуға мәжбүр болған
2021 ж. 15 қыркүйек
1127
0
Түркістан облысындағы мектеп мұғалімдері гольф алаңын тазартуға мәжбүр болғанын айтып шағымданды. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі мәлім етті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Омаров атындағы №50 мектеп мұғалімдері директордың міндетін атқарушы курорттық аймақтағы гольф алаңын тазартуға жібергенін айтып шағымданды. Жағдай анықталғаннан кейін шенеунік қызметінен босатылды", - делінген Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметі хабарламасында.
Білім және ғылым министрлігі мәліметінше, мұғалімдердің құқығы мен заңды мүддесін бұзу бойынша ең көп дерек Түркістан және Алматы облыстарында байқалады.
"Түркістан облысында балабақша тәрбиешісі қызметінен заңсыз босатылған. Алайда әкімдіктің білім басқармасы қызметкер құқығын қорғау бойынша шара қабылдамады. Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттің араласуынан кейін ғана тәрбиеші бұрынғы лауазымына оралған.
Алматы облысында да департамент қызметкерлері мұғалімнің өтінішінен кейін шара қабылдады. Мұғалім өзіне тән емес функцияларға тарту фактілері туралы хабарлаған. Тексерістен кейін Текелі қаласының №6 орта мектебінің директорын лауазымынан босату туралы шешім қабылданды, онда аталған фактілер расталды. Сонымен қатар, Текелі қаласы әкімдігінің білім бөлімі басшысының міндетін атқарушыны тәртіптік жауапкершілікке тарту ұсынылды", - деді ведомство өкілі.
Сонымен қатар, Атырау облысында Ахмедияров атындағы орта мектептің мұғалімі педагогикалық этика ережелерін бұзғаны үшін жұмыстан босатылған.
Баспасөз қызметі еліміздің әр өңірінде педагогикалық этика бойынша комиссиялар құрылғанын, олар мұғалімдер құқығын бұзу туралы өтініштер мен фактілерді жедел қарайтынын айтты.