Мирзиеёв басмашыларды тәуелсіздік күрескерлері деп атады
2021 ж. 03 қыркүйек
1626
0
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеёв 1920-1930 жылдары большевиктік қуғын-сүргінге түскен басмашылар құрбашыларын ұлттық тәуелсіздік жолындағы күрескерлер деп атады. Бұл туралы Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Айтатыны жоқ, үлкен әлеуеті бар лидерлер, ғалымдар, әдебиетшілер, дәрігерлер, мұғалімдер репрессияға ұшырады. Олар біздің халқымыздың озық өкілдері еді. Тоталитарлық режимге ұлттың көзін ашып, олардың сана-сезімдерін нығайта түсуге қызмет ететін ақылды адамдар керек болған жоқ. Олар тек өздері ұлы болғаннан кейін ғана жапа шекті», – деді Мирзиеёв.
Өзбекстан Жоғарғы соты 25 тамызда 1920-1930 жылдары жазаланған 115 адамды ақтап шығарды. Олардың арасында қазіргі заманғы Өзбекстан, Тәжікстан территориялары мен Ауғанстанның солтүстігінде басмашылық құрған құрбашы Ибрагимбек Чақабаев та бар.
«Бұған дейін біз өзімізге жағатын жақтарын ғана елеп алып, жақпайтындарын жасырып тастап, тарихқа екшелей қарап келдік. Біреуге ұнай ма, ұнамай ма, мақтаныштың тегі бола ма, әлде сатқындық фактісі ме, бұл табыс па немесе сәтсіздік пе, оған қарамай, біз тарихтың әрбір сәтін әділ түрде қарап шығуға тиіспіз», – деді Өзбекстан президенті.
«Міне, жүз жылға жуық уақыттан кейін әділдік салтанат құрып отыр. Біздің ұлттық тәуелсіздігіміз үшін күрескен, сол үшін репрессияға ұшыраған және ақталмаған 115 адамның адал есімдері қалпына келтірілді. Ал ондай тағы қаншама тұлға бар. Демек, патриоттарымыздың ар-намысы мен кескін-келбеттерін қалпына келтіруге бағытталған жұмысты одан әрі жалғастыруымыз қажет», – деді Шавкат Мирзиеёв.
2020 жылғы қазан айында Өзбекстанда «қуғын-сүргін құрбандарының өмірлері мен іс-әрекеттерін терең зерттеу және оларды есте сақтау» жөніндегі жұмыстар бойынша жұмыс тобы құрылды. Кейін алты қылмыстық іс қайта қарау үшін сотқа берілді.
Басмашы – Орталық Азияда кеңес өкіметімен күрескен әскери-саяси және діни қозғалыс.
Ресми версиялар бойынша, кеңес өкіметі басмашылықты негізінен 1930 жылдардың ортасына таман жойып жіберген. Бірақ оның сарқыншағы 1942 жылға дейін жалғасты.
Басмашылар қозғалысының аса белгілі құрбашыларының бірі Ибрагимбек Чақабаев болды. Оның жасағы қалалар мен қишлақтарға шабуыл жасап, жұртты құлатылған Бұхара әмірлігін қалпына келтіру үшін қарулы шайқасқа шығуға шақырды. КСРО билігі Ибрагимбек Ауғанстанның шығыс-терістігінде дербес өзбек-тәжік мемлекетін құруды жоспарлады деп санады.
30-шы жылдары Ибрагимбек өзінің қол астына барлық басмашылар жасақтарын біріктіруге көп күш салды. Сөйтіп, совет өкіметімен соғысуға дайындалды. 1931 жылдың көктемінде ол мың сарбаздық армиясымен Тәжікстанға шабуыл жасады, бірақ сол ұрыста жеңіліс тапты. Ал бірнеше айдан кейін қолға түсіп қалды. Кеңестік жүйе оны көп ұстап отырмай, атып тастады.
КСРО ыдырағаннан кейін Орталық Азия елдерінде басмашылардың істері қайта қарала бастады. Олар бұдан былай ұлт-азаттық қозғалысы мен қарсылық жасақтарының мүшелері ретінде бағаланатын болды.