Азат Перуашев Нұр-Сұлтандағы «ковид» орталығында болып қайтты
2021 ж. 31 тамыз
1212
0
«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев пен Мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұлов Нұр-Сұлтандағы қырқыншы станциясында орналасқан «ковид» орталығында болып қайтты.
Ең ауыр жағдайдағы науқастар осы орталыққа жатқызылады. Өткен жылдан бастап мұнда 6 мыңнан астам пациент емделді, олардың басым көпшілігінің өмірін орталық дәрігерлері мен қызметкерлері сақтап қалды.
- COVID-19-бен соғыс жалғасуда, Денсаулық сақтау министрлігінің күнделікті мәліметтері майданнан алынған мәліметтер іспеттес. Ақ халатты абзал жандар алдыңғы қатарда тұрып, басты соққымен күнде бетпе-бет күресіп келеді. Сондықтан, денсаулық сақтау саласындағы жағдай мен осы сала қызметкерлері әлі де біздің назарымыз бен қолдауымызды қажет етеді, - деп жазды А. Перуашев өзінің телеграм каналында.
Депутаттар дәрігерлер мен медбикелерді, фельдшерлер мен жүргізушілерді өткен Конституция күнімен құттықтады.
- «Ақ жол» депутаттық фракциясының қызметтік міндеттерін орындау кезінде коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлеріне төлемдерді қалпына келтіру жөніндегі сауалдары туралы; ковидтік бөлімшелердегі жұмыс үшін үстемеақыны сақтауға қол жеткізу ниеті туралы айтып бердік, - деді «Ақ жол» партиясының төрағасы.
Шара аясында бірқатар дәрігерлер мен кіші медициналық қызметкерлер тобына «Сovid-19-бен жанқиярлық күресі үшін» төсбелгілері табыс етілді.