Білім берудің дәстүрлі форматына оралу шешімі қабылданды – Асқар Мамин
2021 ж. 11 тамыз
1999
0
Оқушылар мен педагогтердің қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету мәселелерін барынша тездетіп шешу қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгін өте маңызды мәселені қарастырып отырмыз. Ол қазір әрбір отбасыны, барлық оқушылар мен студенттерді алаңдатып отыр. Биылғы оқу жылы денсаулық сақтау жүйесінің әзірлігі анағұрлым жақсы әрі халықты жаппай вакциналау жағдайында басталғалы отыр. Вакцина алған педагогтер жұмысқа кіріседі», - деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министр білім беруді ұйымдастырудың неғұрлым қауіпсіз жүйесі мәселесі пысықталып жатқанын да баса айтты.
«Сондықтан білім берудің дәстүрлі форматына оралу туралы шешім қабылданды. Осыған орай оқушылар мен педагогтердің қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету бойынша ұйымдастырушылық мәселелерді барынша тездетіп шешу қажет»,- деді Асқар Мамин.
Айта кетейік, бүгін Үкімет отырысында сондай-ақ Білім министрі Асхат Аймағамбетов мектептерде оқу процесі «1 сынып - 1 кабинет» форматында ұйымдастырылатынын айтты.