Бюрократ әкімдердің орнына ауылды көтере алатын азаматтар келу керек - қоғам қайраткері
2021 ж. 20 маусым
2111
0
Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту мақсатында, ауылдық жерлерде Әкімдерді сайлау арқылы тағайындау шаралары өтетінін білетін шығарсыздар. Тек ауыл мекендерінде ғана емес, ауылдық аудандық орталықтарда да әкімдер сайлауы өтеді. Бұл еліміздің басқару жүйесін демократияландырудың, тікелей сайлауға негіздеген Әкімдерді сайлаудың алғашқы үлгісі болады.
Демократия термині екі латын сөзінден құралған - демос және кратос. Халық және егеменділік деген мағынаны білдіреді. Яғни, Демократияның қысқа мән мағынасы - Егеменді халықтың өзін-өзі басқаруы. Мемлекеттік басқару жүйесі "Билік" түсінігінен, яғни төбеден төменге дейін тағайындау арқылы келетін, жоғары лауазым иелеріне тәуелді әкімдік жүйеден, Демократиялық сайлау жолымен халыққа есеп беретін өзін-өзі "Басқару" жүйесіне ауысуға ниет білдіруде.
Саяси жүйенің "эволюциялық" дамуын күтетін біздерге, бұл сайлауларға дайындық әзірше көңіл толмайтындай дәрежеде . Тәуелсіздігіміздің алғашқы кезеңінен қалыптасқан, төбеден төменге дейін тағайындалатын"бюрократиялық" жүйенің саяси конкуренцияға, өзгерістерге дайын еместігі , әкім болуға ниетті үміткерлерге қойылатын талаптардан жақсы көрінуде. Сол талаптарды қарастырып өтсек :
1. Ауыл әкіміне үміткер тек жоғары білімді болуы керек екен . Әрине, жоғары білімді болуы дұрыс-ақ шығар. Бірақ ауылды басқаруға колледж бітірген азаматтарда лайық емес па? Практикалық білімге негізделген колледж түлектері, өндірістерде тәжірибе жинаған азаматтар әкім болуға табылмайтын кадрлар ғой. Ауылды басқаруына, колледж дипломы бар, өндіріс орындарында тәжірибе жинаған азаматтарға неге жол ашылмайды? Әкімдерді сайлаудың мақсаты - ауылды басқарып келген бюрократ әкімдердің орнына, қолынан іс келетін, ауылды көтере алатын, өндіріс тәжірибелері бар азаматтарды тарту емес па?
2. Екінші талап кем дегенде бір жыл мемлекеттік басқару органдарында қызмет етуі.
Бұл үміткерлерге қойылған дискриминациялық талап деп түсінуіміз керек. Егер Қазақстан азаматы жеке секторда, бір компанияның орта деңгейінде жұмыс тәжірибесін жинап, өзінің туған ауылына барып әкім бола алмайтындай болса, бұл талап Ата заңымыздың әрбір азаматқа тең мүмкіндіктер беретін қағидаттарына қайшы келеді деген сөз. Мемлекетіміз бір "сословияларға" бөлінетін феодалдық мемлекет емес қой, мемлекет жүйесінде бір жыл қызмет жасағандар ғана әкім болуға лайық дейтіндей.
3. Әкім болуға лайықты кісі мемлекеттік емес секторда басшы қызметінде екі жыл жұмыс жасауы тиісті екен. Яғни, бір кішігірім ауылға Әкім сайлануы үшін бір фирманың директоры немесе орынбасары болуы керек деген талапта бар. Кейбір өндірістерде жүздеген жұмысшыларды басқарған орта деңгейдегі инженер әкім болуға лайық емес па сонда ?
Көрсетілген талаптар үміткерлердің шеңберін тым тарылтып жіберген. Ауылдың жағдайын түзетуге қажетті, қолынан іс келетін азаматтарды Әкімдер сайлауына тарту үшін мемлекет органдары жағынан барлық мүмкіндіктер жасалу тиіс. Колледж және жоғары білімі бар, жеткілікті еңбек және өмір тәжірибесіне ие, туған өлкесіне қызмет етуге ниетті, мемлекеттік қазақ тілін жетік білетін барлық үміткерлерге сайлану құқығы шектеусіз берілуі тиіс.
Мемлекеттік қызметте кем дегенде бір жыл жұмыс істеуі қажет, фирмаларда директор немесе орынбасары болуы деген сияқты талаптар коррупциялық, жемқорлық қауіпті тудыратын, мемлекетіміздің басқару жүйесіндегі демократиялық реформалардың қарқындап өтуін тежейтін себептер болуы мүмкін.
"Ақ жол" партиямыздың бағдарламасында әкімдердің сайлау арқылы тағайындалуы негізгі талаптардың бірі. Бұл жұмысты ұйымдастырылуы, атқарылуы оңай бір іс емес екендігін біз толық түсініп, білудеміз. Алдымыздағы науқан "Ақ жол" партия депутаттарының, мүшелерінің, жақтаушыларының мойнына үлкен жауапкершілік салуда. Мұндай реформаларды бағдарламасында жариялап, әкімдердің сайлауы демократия кеңістігін кеңейтеді деп келе жатқан тек бір партия бар, ол да "АҚ ЖОЛ". Сайлау арқылы жаңа ауыл Әкімдерімізді басқару жүйесіне өткізіп, қолдау жасай, өзін-өзі басқаратын жергілікті муниципалдық жүйесінің іргетасын қалау, қазіргі кезеңде ақжолшылардың ең маңызды жұмысы.
Қоғамымызда жақсы өзгерістердің көшбасшылары болады, ең ауыр жүк солардың иығына түседі. Сондықтанда олар көшбасшы аталады. Жаңалықтың басы қасында жүріп, аянбай Қазақ Еліне қызмет етемін десеңіз, біздің партияға мүшелікке өтіп, жаңа демократиялық форматқа лайық Халық Әкімі болыңыз! "Ақ жол" партиямыздың барлық филиалдарында Сіздерді, алғашқы рет сайлау арқылы ауыл басқаруына келем деген, жігерлі, ұлтшыл Үміткерлерді күтеміз. Өзгерістерді бірге жүргізейік!
Бейбіт Күлмағанбет,
Қазақ үні