Таразда әскерден қашып кеткен сарбаз 4 күннен бері табылмай жатыр
2021 ж. 30 наурыз
1166
0
Таразда мерзімді қызметтегі сарбаз әскери бөлімнен қашып кетті, - деп хабарлайды 24.kz.
Портал мәліметінше, түнгі кезекшілік кезінде жоғалып кеткен 19 жастағы жігіт 4 күннен бері табылмай жатыр.
Әскерилердің айтуынша, Нұрасыл Арысбаев түнгі сағат үш шамасында әскери бөлімнен ешкімге ескертпестен өз еркімен кетіп қалған. Жанындағы серігі де байқамаған. Сарбаз әлі 6 ай әскери борышын өтеуі керек. Нұрасылдың кетіп қалғанына әскерилер таңғалып отыр. Себебі басқалармен қарым-қатынасы жақсы, сабырлы жігіт, дейді. Жауаптылар оның қолында қару жоқ екенін мәлімдеді. Ал сарбаздың туыстары оның қашып кеткеніне сенбейді.
"Соңғы мәрте 20-сында қоңырау шалды маған, "бәрі жақсы, мама, уайымдамаңыз" деп. "Ешкім ренжітіп жатқан жоқ па?" деп сұрадым. "Жоқ, бәрі жақсы, уайымдамаңыз, балалар да жақсы, командирлер де жақсы" деді", - дейді сарбаздың анасы Гүлжан Арысбаева.
8595 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Бауыржан Дүйсенбаев сарбаз неге қашқанын білмейтінін айтады.
"Не себептен қашып кеткенін, не себептен әскери бөлімді тастап кеткені бізге беймәлім. Бүгінгі таңда Жамбыл облысы бойынша және Тараз қаласында осы әскери бөлімнің қызметкерлері мен құқық қорғау органдары, Тараз қаласы полиция басқармасының қызметкерлері іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Нәтиже әлі болған жоқ", - деді ол.