"Фитнеске 40 млн" - Перуашев ел қаржысын шашатын шенеуніктерді сынады
2021 ж. 18 наурыз
1174
0
А. Перуашевтің Мәжілістің жалпы отырысында квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілеріне қатысты сатып алу туралы заң жобасын талқылау барысында сөйлеген сөзі.
Құрметті әріптестер!
Ең алдымен, 2013 жылы «Ақ жол» фракциясы «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңнан отандық өндірушілерді қолдау шараларын алып тастауға қарсы шыққанын еске салғым келеді, біз Мәжілістің жалпы отырысында Үкіметтің мұндай шешіміне қарсы дауыс бердік.
Содан кейін Қаржы министрлігі біздің фракциямызға жіберген ресми хатымен ТАТ-ді қолдаудың барлық шаралары квазимемлекеттік сектордағы рәсімдерді қамту жоспарланған «Сатып алу туралы» заңға ауыстырылады деп сендірді.
Кейіннен біз ондаған депутаттық сауал жолдау арқылы осындай заңды қабылдауды талап еттік. Алайда, мемлекеттік органдар мен Қаржы министрлігі оны орынсыз деп санап, бұрынғысынша жауап берді. Осы сегіз жыл ішінде қаржы министрі 4 немесе 5 рет ауысты.
Дегенмен, бүгінде бұл заң жобасы Мәжілісте талқылануда, және бұл жағымды жаңалық. Оны құптау қажет, оның үстіне «Самұрық-Қазына» қорының оң тәжірибесіне негізделген, онда соңғы жылдары отандық бизнесті қолдауға көп күш жұмсалуда, бір жағынан - мемлекеттік қаражатты үнемдеуге, сыбайлас жемқорлық үшін мүмкіндіктерді төмендетуге көмектесетін, ал екінші жағынан, қазақстандық өндірушілерді ынталандыруға мүмкіндік беретін жаңа тәсілдер әзірленуде.
Бұл тәсіл толық қолдауға лайық және мемлекеттік экономикалық саясаттағы стратегиялық бағытқа айналуы керек.
Отандық кәсіпорындардың өтініштері бойынша «Самұрық-Қазына» қорының басшылығымен тұрақты және тікелей жұмыс істейтін «Ақ жол» фракциясы холдингтің саясатын қолдайды. Оның үстіне, ҰӘҚ тәжірибесі қор компанияларымен шектеліп қалмай, барлық квазимемлекеттік кәсіпорындарға таратылуы тиіс деп санаймыз.
Сонымен қатар, біздің ойымызша, заң жобасы бірқатар маңызды мәселелер бойынша пысықтауды талап етеді.
Осылайша, құжат жалпы сипаттағы 18 баптан тұрады, ол шекті сипатқа ие және ұлттық компаниялар мен ұлттық холдингтердің практикалық жұмысында тек заңды ғана емес, сондай-ақ жеке сатып алу қағидаларын да басшылыққа алатындығын көрсетеді.
Екіншіден, заң жобасы барлық квазимемлекеттік секторды емес, тек ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар мен ӘКК-лерді қамтиды. «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңымен реттелетін орталық және жергілікті мемлекеттік органдар жанындағы түрлі ЖШС мен РМК оның шеңберінен тыс қалып қояды. Айта кетейін, 2013 жылы ол заңнан отандық бизнесті қолдау шаралары алынып тасталған болатын.
«Ақ жол» фракциясы бұл нормаларға қайта оралу қажет деп есептейді. Әзірлеуші мемлекеттік сектордың осы бөлігін Заңның қолданылу аясына енгізуге үзілді-кесілді қарсылық білдіріп жатса, ілеспе заң жобасы шеңберінде қазақстандық кәсіпорындарды қолдау шараларын тікелей мемлекеттік сатып алу туралы заңға енгізуді ұсынамыз.
Үшіншіден, қарастырылып отырған заң жобасының 4-бабында «отандық өндірушілерге қолдау көрсету» сияқты сатып алу принципі көрсетілген, бірақ заңда отандық өндірушілерді қолдау туралы нақты нормалар жоқ. Біздің жылдар бойы ұлттық бизнесті заң деңгейінде қорғауды қамтамасыз ету туралы талаптарымыздың негізгі мәні осы. Сонымен қатар, осыған ұқсас ұсыныстар бар. Мысалы, жеткізушілерге төлем мерзімін шектеу сияқты ұсыныстар талқылануда, ол туралы спикер де атап өтті.
Бұдан басқа, 1-баптың 13-тармағында Заң «сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген өзге де жағдайларға» қолданылмайды деп көрсетілген. Осылайша, сатып алу субъектілері бекіткен ережелер заңнан жоғары қойылады және кез-келген субъект өз шешімімен өзі үшін оның талаптарын алып тастай алады.
Біз мұндай тәсілді қолайсыз деп санаймыз және кеше «Ақ жол» фракциясы депутаттарының осы норманы алып тастау туралы түзетуін жұмыс тобы қабылдады. Сол үшін біз басқа фракциялардағы әріптестерімізге алғысымызды білдіреміз.
Тағы бір айта кететіні, 7-баптың 3-тармағында «сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында сатып алуға қатысуға өзге де шектеулер көзделуі
мүмкін» деп көрсетілген және бұл заңға тәуелді актілер де заңнан жоғары қойылатынын көрсетеді. Біз барлық шектеулер заң деңгейінде реттелуі керек деп талап етеміз. Министр Жамаубаев дәл қазір осы норманы алып тастауға келісімін берді.
Әзірлеуші сатып алуды бақылау сияқты маңызды сәтті өте ерекше түсіндіреді.
13-баптың 1-тармағында «Ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық компаниялар... орталықтандырылған сатып алуды бақылау қызметінің жұмыс тәртібін анықтайды» деп келтірілген.
Яғни, Қаржы министрлігі нені бақылауға болатынын немесе болмайтынын бақылауға алынатындардың өздері шешкенін қалайды. Бұл өте оғаш логика.
Осы саладағы сыбайлас жемқорлықтың жоғары тәуекелдерін, сондай-ақ мәмілелердің миллиардтаған сомасын ескере отырып, бұл тәсіл түлкіге тауық етін қарауылдауға тапсырғанмен тең.
Егер ережелерде мұндай бақылау тәртібі пайда болса, таң қалмаймын.
Жинақталған тәжірибеге сүйене отырып, мұндай тәсілді біз қолдамаймыз, сондықтан «Ақ жол» фракциясы ұлттық компанияларды бақылау тәртібін олардың өздері емес, олардан тәуелсіз орталықтандырылған қызмет не мемлекеттік аудит деп белгілеуді талап етеді. Өйткені кез келген жағдайда бұл субъектілер мемлекеттік ақшаға иелік етіп отыр.
Отандық кәсіпорындарда заң жобасы бойынша басқа да мәселелер бар: сатып алу саласындағы уәкілетті органның құзыреті, сатып алуды реттеу, оларды бақылау және шағымдану тәртібі; оффтейк-келісімшарттарды қаржыландыру және т.б.
Бұл механизмдерді қазақстандық бизнесте қолдануға болатынына және керек екеніне сенімдіміз.
Осыған байланысты «Ақ жол» демократиялық партиясының бағдарламасында ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындардың бюджеттерін қоса алғанда, мемлекеттің бюджетін бекіту мен бақылауда Парламенттің өкілеттігін күшейту міндеті қойылғанын еске салған орынды деп санаймын.
«Олардың көбі өздерінің асқан тәбетімен мемлекеттік қазынаны жымқыруда, мемлекет есебінен заңсыз және бақылаусыз баю көзі болып
табылады. Мұнда сыбайлас жемқорлық схемалары үнемі пайда болады, квазимемлекеттік сектор сыртқы қарыздың үлкен бөлігін құрайды, үлкен шығындар бола тұра менеджерлер өздеріне бірнеше миллион долларлық сыйақылар тағайындайды және т.б. Сондықтан ұлттық компаниялардың, олардың еншілес компанияларының, министрліктер мен әкімдіктер жанындағы түрлі РМК мен ЖШС-нің, «СК – Фармация» немесе ӘКК сияқтылардың бюджеттері барынша ашық болуға, республикалық және жергілікті бюджеттерге қосылуға, ал олардың басшылығы – қоғам алдында шығыстар мен қол жеткізілген нәтижелер туралы есеп беруге тиіс» - бұл біздің бағдарламамыздан алынған.
Ұлттық компаниялардың бюджеті ашық болған жағдайда «СК-фармацияда» орын алған ондаған миллион теңге көлемінде сыйақы төлеу, нәтижесіз жұмыс пен пандемия кезеңінде дәрілердің жетіспеушілігінен адамдардың қаза болуы сияқты жағдайлар орын алмас еді.
Немесе тағы бір мысал – мемлекеттік кәсіпорын салық төлеушілердің қалтасынан өзінің менеджерлеріне фитнесс пен СПА-процедураларға 40 млн теңге төлейді. Бұл тек жария етілген фактілер ғана.
Қарастырылып отырған құжат осы салада тәртіпті орнатудың алғашқы қадамы деп үміттенеміз.
Құжат қолдауға лайық деп санаймыз, өйткені іс жүзінде бұл мемлекетке сеніп тапсырылған миллиардтаған қаражатты өз қалауы бойынша басқаруға дағдыланған және қоғамнан жабық мемлекеттік кәсіпорындардың саңырау қорғанысындағы серпіліс.
Сондықтан біз осы заң жобасын қолдаймыз және басқа фракциялармен бірлесіп құжат бойынша барынша жұмыс істеуге, қажетті тәсілдерді күшейтуге және осы заңды ұлттық экономикалық мүдделерді қорғау және отандық бизнесті қолдау жөніндегі шараларды кеңейту үшін тұғырнама ретінде одан әрі пайдалануға дайынбыз.