Түркия тұрғыны әйелін өлтіру үшін қазақстандықтарды жалдаған
2021 ж. 02 наурыз
1645
0
Ресейде кісі өлтірмек болды деген күдікпен екі қазақстандық ұсталды. Краснояр өлкесі мен Хакасия Республикасы бойынша Ресей Федерациясы Тергеу комитеті сайтында 17 ақпанда Железногорск қаласында үш адам әйелге шабуыл жасап, пышақтап кеткені жарияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Зардап шеккен адам ауыр халде ауруханаға жатқызылды. Ол тергеушілерге Түркияда тұратын күйеуі қастанық ұйымдастыруы мүмкін екенін айтқан.
Полицейлер 29 және 30 жастағы Қазақстан азаматын, сондай-ақ 39 жастағы Ресей азаматын ұстады.
Алдын ала болжам бойынша, ұсталғандар 2020 жылы желтоқсанның соңы мен 2021 жылы қаңтардың басында шетелдік азаматтан 30 жастағы әйелді өлтіруге тапсырыс алған.
17 ақпанда таңертең үш ер адам алдын ала дайындаған қастандық әрекетін жүзеге асыру үшін балабақшаға барып, әйелдің балаларды алып кетуін күтіп отырған. Келген бойда оны пышақпен жарақаттап, өздері қашып кеткен. Красноярскіге келіп, сол жерден ұшақпен Мәскеуге кеткен. Оларды Домодедово әуежайында полиция қызметкерлері құрықтады.
"Жауап алу барысында айыпталушылар әйелді өлтіруге тапсырыс Түркия Республикасы азаматынан түскенін айтып, кінәсін мойындады. Тапсырыс берген ер адам жәбірленушінің жұбайы. Тапсырыс үшін олардың әрқайсына 10-нан 30 мың долларға дейін ақшалай сыйақы берген", - делінген хабарламада.
Жәбірленуші әйел күйеуінің келісімінсіз балаларды алып Ресейге кеткенін және соған байланысты жұбайы қылмысты жоспарлауы мүмкін екенін айтты.