«Ақ жол»: Ауылшаруашылық министрлігі 2021-2026 жылдардағы бизнеске арналған бағдарламаны бизнес өкілдерісіз жазып жатыр
2021 ж. 24 ақпан
1063
0
«Ақ жол» партиясының мүшелері АӨК-тегі бұрын қолданыста болған салалық және мемлекеттік бағдарламаларға талдау жүргізді. Талдау нәтижесінде осы бағдарламаның әсерін едәуір төмендететін заңдылықтарға алаңдаулы. Тиісті депутаттық сауалды фракция депутаты Азамат Әбілдаев жолдады.
ҚР Премьер-Министрі
А.Ұ. Маминге
Мемлекет басшысы өзінің көпшілік алдында сөйлеген сөздерінде ел үшін ең негізгі және бірінші кезектегі стратегиялық міндеттердің бірі ретінде ауыл шаруашылығының әлеуетін жедел күшейту қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Жалғасып келе жатқан пандемия мен экономикалық турбуленттілік агроөнеркәсіптік кешеннің (бұдан әрі – АӨК) ел халқының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағынан да, бір миллионнан астам ауыл шаруашылығы кәсіпорны мен екі миллионнан астам жеке қосалқы шаруашылық қызметкерлерін тұрақты жұмыспен қамту тұрғысынан да аса маңызды екенін тағы да дәлелдеп берді. «Ақ жол» партиясының мүшелері АӨК-тегі бұрын қолданыста болған салалық және мемлекеттік бағдарламаларға талдау жүргізді. Мен барлық бағдарламалардың атын атап жатпайын, қазіргі уақытта 10 бағдарлама бар. Талдау нәтижесінде осы бағдарламаның әсерін едәуір төмендететін келесі заңдылықтар анықталды: 1) АӨК экономиканың базалық саласы болып табылатынына және бір министрліктің құзыретінен (білім беру, экономика, инфрақұрылым және ауылдық аумақтар, фискалдық саясат, кредит беру, бюджет қаражатымен қамтамасыз ету және т.б.) асып түсетініне қарамастан, бағдарламаларды әзірлеу мен іске асыру, сондай-ақ АӨК-ті дамыту бағдарламаларына жауаптылық тек Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің (бұдан әрі – ҚР АШМ) күшімен және мемлекеттік басқару жүйесінде ғана жүзеге асырылды, басқа министрліктер олардың іске асырылуына жауап бермейді. Ағымдағы жылы АӨК-ті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының қолданысы аяқталады, бұл ретте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді толғандыратын ең қиын сұраққа – мемлекеттік қолдау шараларының тұрақтылығы және даму векторы қалай қамтамасыз етіледі деген сұраққа жауап әлі алынған жоқ. Үкіметтің осындай маңызды құжатты әзірлеуге деген көзқарасы айқын жүйелік қателердің болуына қарамастан әлі өзгерген жоқ. 2) Бағдарламаны әзірлеу кезеңінде басқа салалармен және мемлекеттік органдармен сабақтас мәселелер олармен егжей-тегжейлі пысықталмайды және құжатты келісу бойынша уақыт тығыз болуына байланысты олар бағдарламаға қысқарған әрі оңтайланған түрде түседі не болмаса мүлдем түсіп қалады, нәтижесінде тек қағазда қалады. 3) Бағдарламаны іске асырудың барлық уақытында ол мемлекеттік саясаттың тұрақтылығына ешқандай кепілдік бермейді, саланың қазіргі және әсіресе жаңа қатысушылары үшін инвестициялық тартымдылық тудырмайды. Бағдарламаны қаржыландырудың көзделген бюджеттік сомалары ұстанылмайды, бағдарламаларды толық қаржыландырмау келісілген көлемдердің 50%-ына дейін жеткен. Бұл ретте мемлекеттік қолдау бағытының іс жүзінде ауысуы экспорттың немесе еңбек өнімділігінің типі бойынша жалпы сөздермен және түпкілікті индикаторлармен жазылған мемлекеттік бағдарламада емес, субсидиялау қағидаларында жүзеге асырылады. Жоғарыда көрсетілген қағидаларға ҚР АШМ тікелей, жан-жақты талқылауларсыз және келісулерсіз, реттеушілік әсерді талдаусыз және экономикалық әсерді есептеусіз тұрақты түрде өзгерістер енгізе алады, көбінесе түбегейлі өзгерістер министрлік басшысының кезекті ауысуымен болады. Бұл кредит беру талаптарына да қатысты. 4) Мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу бойынша ағымдағы жұмыс жабық режимде жүргізілуде, ҚР АШМ ұсынған тұжырымдаманың таныстырылымы ешқандай сын көтермейді. Үлкен тәжірибе жинақтаған салалық одақтар мен қауымдастықтар жұмысқа мүлдем тартылмаған. Шын мәнінде, ҚР АШМ бизнеске арналған бағдарламаны бизнестің қатысуынсыз әзірлейді. АӨК-ті дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған ұлттық жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс Мемлекет басшысының жеке бақылауында екенін, оған экспорттық түсімді ұлғайту жағынан да, жаңа жұмыс орындарын құру тұрғысынан да үлкен үміт артылып отырғанын ескере отырып, мыналарды ұсынамыз: 1) Бағдарламаны әзірлеуге мүдделі тараптардың барынша кең тобын – бизнес, салалық одақтар мен қауымдастықтар өкілдері, сондай-ақ міндетті түрде барлық министрлік, даму институттары мен экономикалық бейіндегі зерттеу институттары тартылсын. Жұмыс Премьер-Министр Кеңсесінің жобалық офисінің алаңында Сіздің басшылығыңызбен немесе Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) алаңында жүргізілсін. 2) Мемлекеттік қолдаудың тұрақтылығына, қаржыландыру көлеміне АӨК-ті дамытудың ұлттық жобасын іске асыру туралы заңды әзірлеу және қабылдау есебінен кепілдік берілсін, саланың жұмыс істеп тұрған қатысушыларының жағдайын нашарлататын нормативтік құқықтық актілерді қабылдауға тыйым салынсын. Аралас бағдарламалар, мысалы, «Ауыл – Ел бесігі», аталған АӨК-ті дамытудың ұлттық жобасына енгізілсін, онда барлық бөлім: жер қатынастары және жерге қолжетімділік; білім беру; ауылдық аумақтарды дамыту; және тағы басқа бөлімдерді көрсету міндеттелсін. Оған негіз ретінде «Ауыл» партиясымен бірлесіп дөңгелек үстелде таныстырылған АӨК Қауымдастықтары Альянсы әзірлеген, 6 негізгі блоктан тұратын құжатты пайдалануға болады. I. «Ауыл шаруашылығы барлығы үшін» қағидаты бойынша ресурстарға қол жеткізуді оңайлату. 1) Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге қол жеткізуді жеңілдету; 2) Су ресурстарын тиімді пайдалану; 3) Адами капиталды дамыту; 4) Қаржыландыруға қол жеткізуді жеңілдету; 5) Өндірістің негізгі құралдарына қол жеткізуді жеңілдету; 6) Өндірістің қосалқы құралдарына қол жеткізуді жеңілдету. II. Бизнестің кепілдендірілген табыстылығын қамтамасыз ету, тәуекелдерді басқару. «Ауыл шаруашылығында пайда жоқ, тек тәуекелдер» деген стереотипті бұзу. 1) өнімді субсидиялаудан АӨК субъектілерінің қаржылық тұрақтылығы мен төлем қабілеттілігін қамтамасыз етуге көшу; 2) төтенше оқиға (құрғақшылық, су тасқыны, аурулардың өршуі) жағдайларына тәуекелдерден сақтандыру; 3) ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздік; 4) баға күрт төмендеген жағдайда өнімді кепілдік беріп сатып алу; 5) қайта өңдеуді дамыту; 6) даму. III. Нарықтарды дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Импортты реттеу және экспортты ынталандыру. Халықтың осал топтарын азық-түлікпен қамтамасыз ету 1) тамақ өнімдерінің импортын реттеу; 2) экспортты ынталандыру; 3) халықтың осал топтарын қорғау; 4) ішкі нарық және сауда. IV. Ауылдық аумақтарды дамыту. Қала мен ауылды дамытудағы теңгерімсіздікті жою. 1) қалалар мен ауылдар тұрғындарына бюджет шығыстарын нормалау; 2) бизнесті ауылдық аумақтарды дамытуға ынталандыру; 3) барлық жер учаскесі иелерінің жолға, базалық инфрақұрылымға және өркениет игіліктеріне 25 км-ден аспайтын қашықтықта қол жеткізуін қамтамасыз ету қағидаты бойынша ауылдық аумақтарды жоспарлау. V. Фискалдық саясат 1) Барлық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін бірыңғай аграрлық салық түрінде жерді тиімді пайдалануды ынталандыратын бірыңғай салық алаңын құру. VI. Doing business. (Бизнесті жүргізу) 1) АӨК-те өз бизнесін бастау үшін уақытты қысқарту және шекті төмендету. Үлгілік жобалар бойынша дайын шағын фермалардың лизинг бағдарламасы; 2) мемлекеттік бағдарламалар мен мемлекеттік қолдау шараларының тұрақтылығы; 3) мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін бағалау; 4) өзін-өзі реттейтін ұйымдарды (ӨРҰ) дамыту; 5) процестерді және есепке алуды цифрландыру. Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, АӨК-ті дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған ұлттық жобасына қосар ұсыныстарымызды қолдауды сұраймыз. Құрметпен, «Ақ жол» фракциясының депутаттары