«Ақ жол» фракциясы жеңіл өнеркәсіптің маңызды мәселелерін көтерді
2021 ж. 17 ақпан
1352
0
«Ақ жол» фракциясы жеңіл өнеркәсіптің маңызды мәселелерін көтерді. Тиісті депутаттық сауалды бүгін Мәжілістің жалпы отырысында фракция депутаты Дания Еспаева жолдады.
ҚР Премьер-министріне
«Ақ жол» фракциясына Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығы саладағы проблемалық мәселелер бойынша өтініш жолдады.
Соңғы 5 жылда саладағы кәсіпорындардың 40%-дан астамы өз қызметін тоқтатты, жұмыс істеп жатқандарының саны 25 мыңнан 13 мыңға дейін қысқарды. Естеріңізге сала кетейік, кеңес заманында Қазақстанда бұл салада жұмыспен қамту 203 мыңға дейін жеткен болатын. Мұндай жағдай бұрынғы Одақтың экономикалық байланыстарының үзілуі мен шикізат базасының болмауынан басқа, осы саланы дамытуға қатысты мемлекеттік стратегияның болмауы себебінен қалыптасқаны анық.
Осыған байланысты, «Ақ жол» фракциясы жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын қолдау үшін мынадай ұсыныстар жасайды.
Мәселен, 2015 жылы Қауымдастық қазақстандық тауарларды ішкі нарықта алға жылжыту бойынша «Қазбренд» бағдарламасын әзірледі, ол әлі күнге дейін іске асырылмаған. Саладағы кәсіпорындарға өнімді тек қана өндіруде емес, сондай-ақ оны ішкі және сыртқы нарықтарда өткізуде көмек қажет.
Бүгін біздің нарық Түркиядан, Белорусьтен, Ресейден, Қытайдан келген тауарлармен толтырылған. Түркия Үкіметі өз тауарларын алға жылжыту үшін дүкендерді жалға алуды және франчайзинг желісін құруды субсидиялайды, инвестицияларды және жабдыққа жұмсалатын шығыстарды өтейді, елде өндірілмейтін шикізатқа импорттық баждарды алып тастаған. Осыған ұқсас шараларды Ресей мен Беларусь ішін-ара қолданады.
Мысалы, Беларусьте сауда желісінің сөрелік кеңістігінің кемінде 30%-ы отандық тауарларға беріледі. Ресейде осы үлесті 40%-ға дейін арттыру туралы ұсыныстар қаралып жатыр, сонымен қатар, Ресейде осы тауарлардың өзіндік өндірісі болған жағдайда компаниялар мен мемлекеттік корпорацияларға мемлекет мұқтажы үшін жеңіл өнеркәсіптің импорттық тауарларын сатып алуға тыйым салынған.
Ал Қазақстанда сауда орталықтарын жалға алу ақысының жоғары болуынан отандық тауарлар барлық сауда желілерінде нашар ұсынылған. Бұл бұйымдардың түпкілікті құнын 30-50%-ға арттырады. Соның нәтижесінде, тауарлар көрші елдердің осыған ұқсас тауарларымен салыстырғанда бәсекеге қабілетсіз болып қалады.
Мемлекет пен квазимемлекеттік сектор тарапынан отандық тауарларды ұзақ мерзімді тұрақты сатып алу болған жағдайда ғана өндірушілер өндірісті сақтап қана қоймай, сондай-ақ оны жаңғырту мүмкіндігіне де ие болады.
Сонымен қатар, «Ақ жол» партиясы жеңіл өнеркәсіп саласына жататын басым секторлар үшін қосылған құн салығының сараланған мөлшерлемесін қолдану қажеттілігі туралы бірнеше рет айтқан болатын. Тауар өндірушілер үшін шикізатқа, материалдар мен жабдықтарға кедендік баждарды төмендетуді ұсынған едік. Осы саладағы өнімнің өзіндік құнында шикізат, негізінен, импорттық шикізат, 60%-ды құрайды.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде, «Ақ жол» фракциясы Сізден:
1) отандық тауарларды маркетингтік алға жылжыту және жалға алу ақысы бойынша шығындардың бір бөлігін өтеуді;
2) кейіннен 30%-ға дейін жеткізе отырып, сауда желілерінің сөрелерінде отандық өндірілген жеңіл өнеркәсіп тауарларының кемінде 10%-ының болуын қамтамасыз етуді;
3) Ресей заңнамасына ұқсас мемлекеттік сатып алу шеңберінде Қазақстанда осы тауарлардың өндірісі болған кезде Қазақстанда шығарылған тауарлардың ең аз үлесін белгілеуді;
4) Қазақстанда өндірілмейтін шикізат пен жиынтықтауыштарды кедендік баждардан босатуды:
5) жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары үшін 3% мөлшерінде қосылған құн салығының төмендетілген мөлшерлемесін белгілеуді сұрайды.
Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары