ҚР Энергетика министрі Алматыдағы ЖЭО жұмысымен танысты
2020 ж. 19 қараша
1246
0
Алматы қаласына жұмыс сапары барысында ҚР энергетика министрі Нұрлан Ноғаев ЖЭО-2 және ЖЭО-3 жұмысымен танысты, деп хабарлайды "Қазақ үні".
«Алматы электр станциялары» АҚ-ның («АлЭС») ЖЭО-2 және ЖЭО-3 негізгі өндірістік қызметі электр және жылу энергиясын өндіру болып табылады. Кәсіпорын Алматы қаласының тұрмыстық және өндірістік қажеттіліктері үшін жылу, электр энергиясын өндіреді. ЖЭО-2-нің белгіленген қуаты – 510 МВ, ал ЖЭО-3-тікі – 173 МВТ.
ЖЭО-2 және ЖЭО-3 үшін негізгі отын – Екібастұз кен орнының («БогатырьКөмір» разрезі) көмірі. Тамызық отын ретінде мазут пайдаланылады.
2017 жылы Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаев ЖЭО-2-ні газға ауыстыру қажеттігі жөнінде тапсырма берген болатын. Алматы қаласындағы ЖЭО-2-ні жаңғырту жөнінде Үкімет 2020 жылғы 20 қазанда өткізген кеңесте «Самұрық-Энерго» АҚ ұсынып отырған ЖЭО-2-нің жұмыс істеп тұрған қазандықтарын газға ауыстыра отырып жаңғырту және газ инфрақұрылымын салу нұсқасы мақұлданды.
Нұрлан Ноғаев ЖЭО-2-ні аралау барысында мамандардың кәсіпорынды жаңғырту бойынша жоспарымен және ЖЭО-2-ні газға ауыстыруды техникалық орындау мүмкіндіктерімен танысты.
Қазіргі уақытта Алматы қаласындағы ЖЭО-2-ні газға ауыстыру жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді.
Бұдан бөлек, «Самұрық-Энерго» өкілдерінің министрге айтуынша, қазіргі уақытта Алматы қаласындағы ЖЭО-3-ті газға ауыстырудың ТЭН-ін әзірлеуді мақұлдау бойынша ішкі корпоративтік рәсімдер жүріп жатыр.