Нұрлан Нығматулин: Коронавирус жұқтырған дәрігерлердің 14% ғана өтемақы алған
2020 ж. 02 қазан
861
0
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин коронавирус індетіне шалдыққан медицина қызметкерлеріне, сондай-ақ осы пандемиядан қайтыс болған дәрігерлердің отбасыларына төленетін төлемдер өмірлік маңызы бар мәселе екеніне ерекше назар аударды. Бүгін аталмыш мәселе «Nur Otan» партиясының Мәжілістегі фракциясының кеңейтілген отырысында көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мәжілістегі «Nur Otan» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында фракция мүшелері Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың коронавирус инфекциясынан зардап шеккен және қайтыс болған медицина қызметкерлеріне жәрдемақы мен өтемақыны төлеу туралы есебін тыңдады.
Аталған мәселенің маңыздылығын атап өткен Мәжіліс Спикері, «Nur Otan» партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі Нұрлан Нығматулин ағымдағы жылдың 22 қыркүйегіндегі жағдай бойынша аталған індетке шалдыққан дәрігерлердің жалпы санының 14%-дан астамына ғана, сонымен бірге қайтыс болған медицина қызметкерлерінің отбасыларының 13%-ға жетер-жетпесіне ғана төлем жүргізілгенін айтты.
Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, мұндай жағдай денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің наразылығын тудырып, Мемлекет басшысына және Парламент депутаттарына жүгінуге мәжбүр етеді.
«Коронавирус пандемиясы кезінде, ең алдымен, мемлекеттік аппараттың шешімдері өте жедел де кәсіби болуы тиіс. Бұған партиямыздың Көшбасшысы-Елбасы және Мемлекет басшысы ерекше назар аударады», - деді Мәжіліс Төрағасы.
Сонымен қатар, Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, індетке шалдыққан медицина қызметкерлері мен қайтыс болғандардың отбасыларының төлемақысына қатысты, анықтап айтқанда, төленбеу жағдайы құзырлы министрліктердің әлеуметтік бөлімдері арасында өзара іс-қимылдың жоқтығы мен ойластырылмаған қадамдарының нәтижесі. Енді қазір пандемия кезінде медицина қызметкерлерін қолдау туралы Президенттің тапсырмаларын орындау үшін барлық жіберілген олқылықтардың орнын толтыру маңызды.
Денсаулық сақтау министрлігі жариялаған ақпаратты Нұрлан Нығматулин сандарды сапыру деп бағалады.
Мәселен, аталған министрлік ұсынған ақпаратқа сәйкес, Еңбек министрлігіне 4 064 өтініш берілген. Сонымен қатар, кәсіби қызметін атқару кезінде 8 333 дәрігер, барлығы 12 830 медицина қызметкері коронавирус инфекциясына шалдыққан.
Осы ретте, Мәжіліс Төрағасы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға жоғарыда аталған 4 064 өтініштің өзі фракция отырысы болатыны белгілі болғаннан кейін ғана жасалынғанын айтып:
«Егер өткен 6 ай ішінде 2 475 өтінім берілсе, соңғы санаулы күндер ішінде 1 589 өтінім берілген. Яғни, берілген өтініммдер саны 1,6 есеге артып, ал өтемақы төленген адамдар саны 2 есеге дейін өскен. Алты ай бойында дертке шалдыққан барлығы 1 830 дәрігер өтемақыға ие болса, ал соңғы біраз күнде 1665 дәрігерге төлемақы беріп үлгерген. Қайтыс болған медицина қызметкерлерінің отбасыларына өтемақы төлеу бойынша да жағдай осындай», - деді Нұрлан Нығматулин.
Өрескел жағдайдың орын алуына тағы бір себеп, коронавирус инфекциясынан зардап шеккен және қайтыс болған медицина қызметкерлерінің көпшілігі аймақтық комиссиялардан растау ала алмаған.
Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, жәрдемақылар мен өтемақыларды беру рәсімінің шамадан тыс бюрократияландырылуы да мәселенің оң шешімін табуына кедергі келтіріп отыр.
Атап айтсақ, оны алу үшін ауырғандар мен қайтыс болғандардың жақындарының өтініміне 5 жыл бұрын бекітілген инфекциялық аурулар ошағын эпидемиологиялық зерттеу картасы қоса берілуі тиіс. Ондағы талаптар коронавирус инфекциясының нақты белгілерін көрсетпейді, ал оны егжей-тегжейлі анықтау және сипаттау төлем мерзімдерін одан әрі кешіктіреді. Бұл Денсаулық сақтау, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктерінің біржолғы төлем тәртібін анықтау бойынша 9 сәуірдегі бірлескен бұйрығына негіз болып отыр.
«Сіз қазіргі жағдай талаптарына мүлдем жауап бере алмайтын 2015 жылғы бұйрықты ойланбастан көшіру арқылы жағдайды қиындатып отырғаныңызды түсінесіз бе? Осының салдарынан жергілікті жерлердегі өңірлік комиссиялар тиімді жұмыс істей алмайды. Өйткені, оларға көптеген құжаттарды қарау қажет. Адамдар ауырып, оның үстіне әлі де қалпына келе алмай жатып, 43 қосымшаны жинауы керек. Осы рәсімді жеңілдетуге болатын еді ғой. Бұны ертерек жасауға не кедергі болды? Демек, немқұрайлы қарағансыздар», - деді Нұрлан Нығматулин.
Төлем жағдайына қатысты жіберілген қателіктердің тағы бір себебі, төтенше жағдай кезеңі аяқталғаннан кейін қажетті Бұйрықтың болмауы. Бұйрықтың тиісті жаңартылуы тек 22 шілдеде болған.
«Тек осы жерде, Мәжіліс қабырғасында, соңғы 2 күнде тынымсыз жұмыстың нәтижесінде ғана сіздер дұрыс тетіктерді ойластыра бастадыңыз, - деді Мәжіліс Спикері.
Талқылау барысында, Нұрлан Нығматулин аймақтық комиссия жұмысының ұйымдастырылуына назар аудара келіп, оған Ведомствоаралық комиссия тарапынан қажетті бақылаудың болмағандығын баса айтты.
«Ведомствоаралық комиссия, Үкімет тарапынан бақылаудың болмауы аймақтық комиссиялар жұмысы бойынша жалпы өтемақы төлеу бойынша осындай өкінішті жағдайға алып келді», - деді Мәжіліс Төрағасы вице-премьер Ералы Тоғжановқа.
Сондай-ақ, комиссияларды құру кезінде де немқұрайлылық байқалғаны айтылды. Мысалы, еліміздің 17 аймағы бойынша жиыны 5-ақ тиісті комиссиялар құрылған. Ал, талап бойынша, негізі сәуір, мамыр айларында қосымша – 4, маусым айында – 5 комиссия құрылу керек болатын.
Ал, коронавирус инфекциясы мен вирустық пневмония өршіп тұрған Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында бұл жұмыстар тамыз айында ғана қолға алынған.
«Осындай маңызды мәселелерді шешуге тікелей қатысы бар – вице-премьерден бастап министрліктің әр қызметкері – әрбір санның артында қиын жағдайда жұмыс істеген, ал кейбірі жақындарынан айрылған адамдар тұрғанын түсінуге тиіс. Енді олар өздеріне тиісті ақшаны алу үшін табалдырық тоздырып, көптеген қағаздарды толтырады. Бұл тіпті қарапайым адами көзқараспен қарағанның өзінде дұрыс қадам емес, - деді Нұрлан Нығматулин.
Мәжілістегі «Nur Otan» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысына мемлекеттік органдардың басшыларымен қатар, өзекті мәселелерді талқылауға дәрігерлер, ҮЕҰ мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері шақырылды.