«Пиала» шайынан есірткі табылды
2020 ж. 06 қазан
1053
0
ШҚО түрмесінде 7 қалташадағы «Пиала» шайынан есірткі табылды. Бұл туралы ШҚО бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ОВ-156/17 мекемесінде жазасын өтеп жүрген сотталғандарға келген сәлем-сауқаттар мен бандерольды тарату барысында шай қалташаларына салынған есірткіні өткізбек болғандар ұсталды.
Осылайша, сотталған А-ның атына келген сәлем-сауқаттың ішінен шай қалташаларының құрамы алмастырылып, 7 қалташадағы шай орнына ұнтақ тәріздес әрі спецификалық иісі бар зат тығыздалғандығы анықталды, - деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Ожиканова.
Осыған сәйкес, мекемеге дереу жергілікті құқық қорғау органдары өкілдері шақырылып, күмән тудырған зат тәркіленді.
Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Тәркіленген затқа қатысты сот сараптамасы тағайындалып, қорытындысы бойынша 37 гр гашиш заты екені анықталды.
Мекеме аумағына енгізілмек тыйым салған заттардың жолын кесу бағытында тұрақты түрде шаралар қолданылуда. Есірткі заттарын жазасын өтеп жатқандарға жөнелтуші «жанашырлар» өздерінің әрекеттеріндегі қылмыс құрамын және оның салдарынан туындайтын жауаптылықты түсіне бермейді. Мекеме әкімшілігі тәрбиелік маңызы бар шараларды өткізу барысында жазасын өтеп жүргендердің назарына, ашық есік күндерін өткізу кезінде сотталғандардың туған-туысқандары тыйым салынған заттарды әкелу өзіне де, сондай-ақ қабылдап алушының да тағдырына теріс әсер ететіні ескертіледі. Алайда, осындай түрлі айламен мекемеге тыйым салынған заттарды кіргізуді тоқтатар емес. Сәлем-сауқатты жолдаушы азамат сәйкесінше қылмыстық жауаптылыққа тартылып, өзі де темір торға түсуі мүмкін, - деді облыстық департамент бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Қанат Зиянов.