Жылдың басынан бері азық-түлік бағасы 5,7%-ға өсті
2020 ж. 03 тамыз
1068
0
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің деректері бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуі жылдың басымен салыстырғанда 21 шілдеге 5,7%-ды құрады.
Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі А.Асқарұлы мәлімдеді, - деп хабарлайды "Қазақ үні".
Оның айтуынша, соңғы 5 жылда осы көрсеткіштің ең жоғары мәні 2016 жылы (9,1%) және 2019 жылы (7,7%) ұқсас кезеңдерінде байқалды.
СИМ деректері бойынша жыл басынан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның едәуір өсуі Павлодар қаласында (+11,9%), Нұр-Сұлтан қаласында (+11,8%) тіркелген.
Бағаның ең аз өсуі Алматы (+3,1%), Петропавл (+4,7%) және Ақтау (+4,8%) сияқты қалаларда белгіленді.
Ағымдағы жылдың басынан бастап барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының арасында картоп (+43,3%), сәбіз (+31,4%), пияз (+20,3%) қарақұмық жармасы (+19,0%), қант (+10,7%) және сары май (10,2%) қымбаттады.
Сонымен бірге, жыл басынан бастап ақбас қырыққабат (- 23,3%), жұмыртқа (-7,2%), күріш (-7%), тауық еті (-2,9%) және тұз (-1%) бағасы арзандады.
«Сонымен қатар, соңғы үш айда бағаның тұрақтануы байқалады. Мамыр айында баға өсімі 0,1%-ды, маусым айында 0%-ды және шілденің үш аптасында 0,1%-ды құрады. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 14 шілдесінен 21 шілдесіне дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,3%-ға төмендеді», - деп хабарлады А. Асқарұлы.
Оның айтуынша, азық-түлікті шығару бойынша бірқатар тыйымдар енгізу, нарықта жаңа егіннің көкөніс-жемістерінің пайда болуы және жемістер мен көкөністердің пайдасына сүт және ет өнімдеріне сұраныстың қысқаруы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсу қарқынының төмендеуіне әсер етті.