Қазақстанда карантин шаралары жеңілдетіле ме? Министр жауап берді
2020 ж. 23 шілде
1129
0
Қазақстанда карантинді жеңілдету жоспары дайындалып жатыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз қазір карантинді жеңілдету бойынша арнайы жоспар дайындап жатырмыз. Жуық арада қалың көпшілікті осы жоспармен де таныстырамыз. Біз халықаралық тәжірибені зерттеп жатырмыз, көптеген сарапшыларды тарттық. Әлем елдері карантинннен қалай шықты және қандай шаралар қолданды. Карантинннің бірден алынып тасталмайтыны түсінікті ғой», - деді Алексей Цой Рахым Ошақбаев жүргізген «Хабар24» телеарнасында өткен дөңгелек үстел отырысында.
Министрдің сөзінше, карантинді жеңілдету шаралары сатылап жүзеге асырылады. Бұл ретте біз сол уақыттағы елдегі эпидемиологиялық жағдайды назарға аламыз. Әр өңірдің ерекшеліктерін ескереміз.
«Мүмкін денсаулық сақтау саласы бойынша, қандай да бір өктемдік жүргізіп, демалыс күндері локдаун жариялармыз. Ара қашықтықты сақтап, жұмыс орнында шектеу шараларының көптеген тәсілі бар. Жалпы қазіргі таңда әлемде вирусты тежеудің сан түрлі тәсілдері сынақтан өтіп жатыр», - деп қосты Денсаулық сақтау ведомствосының басшысы.
Сонымен бірге министрге "балабақшалар мен білім беру орындары ашылады ма?" деген сауал да қойылды.
«Ол үшін бізге 2 тамызда жағдайдың қандай болатынын білу керек. Егер ол уақытта жағдай тұрақтанып, көрсеткіштер қазіргідей жақсара беретін болса, біз балабақшалар мен білім беру мекемелерін ашу мәселесін пысықтайтын боламыз. Ал керісінше, вирус қайта өршіп, болмаса ауру мен одан қайтыс болғандар саны өсетін болса, әрине, біз үкіметке карантинді соза түсуді ұсынамыз», - деді Денсаулық сақтау министрі.
Сондай-ақ ол сөзінде қазіргі таңда еліміздегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтанып келе жатқанын айтты.
«Қазір жағдай тұрақтанып келеді. Біз екі аптаға созылатын карантин шарасының нәтижесін тек үшінші, төртінші апталарда ғана біле аламыз. Өйткені инкубациялық кезең 14 күн. Осы 14 күн өткеннен кейін ғана біз карантиннің нәтижелерін көре аламыз. Тамыздың ортасына таман жағдай айқындала түседі Сол кезде ғана бізге одан әрі жасайтын әрекетіміздің жоспарын жасауға болады»,-деген пікірін білдірді министр.