Дәурен Абаев журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтады
2020 ж. 27 маусым
1257
0
Бүгін ҚР Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтарын беру, гранттарын тапсыру және Алғысын жариялау рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шара барысында ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтауын оқып берді.
Сонымен қатар ол Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтарын «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Қуатов Дәурен Қасенұлына, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Қыдырәлі Дархан Қуандықұлына, «Жетісу» телеарнасының директоры Сарыбай Серік Әбікенұлына, «Хабар» телеарнасының талдамалық бағдарламалар бөлімінің шеф-редакторы Трухачев Александр Владимировичке табыс етті.
Ал Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы гранттарын «QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасының тілшісі Әшім Альбинаға, «Хабар» телеарнасы талдамалық бағдарламалар бөлімінің тілшісі Мадиярова Мақпал Бақытбекқызына, «Semei» телеарнасының редактор-тележүргізушісі Нұрышева Маржан Еркімбекқызына, «Азаттық рухы» ақпарат агенттігінің шығарушы редакторы Смайлов Жандос Мейірбекұлына берді. Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Алғысымен «Ана тілі» газетінің, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің, «Казахстанская правда» республикалық газетінің, «QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасының Маңғыстау облыстық филиалының шығармашылық ұжымы марапаттады.
«Бүгінгі марапаттарыңыз құтты болсын! Сіздер бұған әбден лайықтысыздар. Сонымен қатар өздеріңіз арқылы еліміздің бүкіл журналистерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Қадамдарыңыз құтты, қаламдарыңыз жүйрік болсын! Еліміздің дамуы үшін ақпарат саласында аянбай еңбек ете беріңіздер», - деді Дәурен Абаев.