Аида Балаева БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады
2020 ж. 26 маусым
1308
0
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Кез келген қоғамның дамуы, мемлекеттік өсіп-өркендеуі – сол қоғамның ішкі тұрақтылығына, береке-бірлігіне, ұлттық құндылықтарының сақталуына, мемлекеттік мықты идеологиясына байланысты. Ал мұны қалыптастыратын ең бірінші – ғалымдар мен зиялылар, ақын-жазушылар мен журналистер. Журналистер – қоғамның жанашыры. Қоғам тірлішігіндегі қылт еткен қиындықтарда бірінші болып үн қататын, тығырықтан шығар жол іздейтін де журналистер қауымы», - деді министр Қазақстандағы БАҚ қызметкерлері күніне орай өткен салтанатты жиында.
Осы орайда А. Балаева ақиқаттың арда жүгін арқалап жүрген журналистер қауымын кәсіби мерекесімен құттықтады.
«Өзімнің және министрлік ұжымымның атынан барша әріптестерімізді шын жүректен құттықтаймын. Расында да журналистика шығармашылық өрісті ғана емес, кәсіби өршілдік пен аса терең мәдениеттілікті, жан-жақты білімділік пен ішкі тәрбиелікті қатар талап ететін мамандық. Өйткені, ғұлама ғалыммен де, біртауар дарынмен де, қарапайым қауыммен де тең сөйлесіп, тамырын табу екінің біріне бұйыра бермейтін дара қасиет, асқақ абырой. Өз басым осындай қасиет пен абыройды отандық журналистикамызды бүгінгідей тамаша биікке көтерген майталман аға буыннан бастап, осы күні ақпарат ағымымен алысқан әрбір тілшінің бойынан көремін. Көріп қана қоймай, сіздердің бар ерекше талғампаздықтарыңызды сезінемін. Сондықтан осындай талғамды қоғамда қалыптастырып, айналамызға адал ақпарат жеткізуге атсалысқан, ауыр да абыройлы еңбектеріңіз үшін алғысымды жеткіземін», - деді министр.
«Қаламдарыңыздан қасиет кетпесін, ел игілігіне ту еткен еңбектеріңіздің табысын көріңіздер. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақыт пен береке тілеймін!», - деді Аида Балаева өз құттықтауында.